Балаева жаңа Конституцияға қатысты жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды

Фото: Aqorda
Министр желідегі арандатушылықтар туралы ескерту жасады Желіде танымал тұлғалар атынан жалған аккаунттар көбейді. Министр Балаева халықты арандатуға ермей, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды, деп хабарлайды nofake.kz/.
Мәдениет және ақпарат министрінің айтуынша, еліміздегі жаңа Конституция жобасын талқылау кезеңінде арандатушылар белсенділік таныта бастаған. Олар қоғамда резонанс тудыратын тақырыптарды желеу етіп, жалған ақпарат таратуда.
«Өкінішке қарай, кейбір әлеуметттік желі қолданушылары жағдайды теріс мақсатта пайдаланып, еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерге баруда. Арандатушылар негізсіз ақпарат таратып, жалған парақшалар мен аккаунттар ашқан (мысалы, Мұхтар Шахановтың, Шавкат Рахмоновтың және өзге де тұлғалардың атынан ашылған фейк-аккаунттар арқылы тіл, жерді сату секілді мәселелер бойынша арандатушылық ақпарат пен үндеулер жариялануда», — деп атап өтті министр.
Министрдің сөзінше, елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр деген жалған хабарлар таратылып, Конституцияның жекелеген баптарын әдейі бұрмалап түсіндіру фактілері де кездесуде.
«Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал парақшаларға техникалық шабуылдар жасалып жатқаны туралы да хабарлар түсіп отыр. Қазіргі уақытта уәкілетті орган ретінде біз бұл жағдайды жан-жақты зерделеп, тиісті шаралар қабылдап жатырмыз. Осыған байланысты тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және жалған мәліметтерді таратпауға шақырамын. Жалған ақпарат тарату қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады», — деді Аида Балаева.
Еске сала кетейік, жалған ақпарат тарату Қазақстан заңнамасына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.


