NoFake

«Үштікке оқығандар» табыстырақ дегеннің ғылыми негізі бар ма

Коллаж: NoFake.kz

«Үштікке оқығандар» кейін табысты болады деген түсінік қаншалықты шындыққа жанасады? Бұл пікір қоғамда кең таралғанымен, оның астарында қаншалықты шындық бар екені әрдайым күмән тудырады. NoFake.kz аталған көзқарасты психология магистрі Анар Қыдықовамен талдады.

Психологтың айтуынша сабаққа салғырт қарағандардың басымдығы туралы пікір көбінесе табысты өлшеудің қате критерийлеріне негізделген. Академиялық үлгерімі төмен оқушылар отбасындағы қаржылық қиындықтарға немесе оқу үрдісіне тигізетін зиянына қарамастан спорт пен шығармашылыққа көңіл бөлгендіктен, еңбек нарығына ертерек шығады.

«Егер табыстылықты тек 20 жастағы табыс деңгейімен өлшесек, олар алда тұрғандай көрінуі мүмкін. Бірақ бұл – қабылдаудың бұрмалануы. Олар қысқа мерзімді кезеңде ұтқанымен, ұзақ мерзімді перспективада олардың табысы баяу өседі, ал мансаптық көтерілуі оқу үлгерімі жоғары құрдастарына қарағанда әлдеқайда қиын болады»,- деп түсіндіреді Анар Қыдықова.

«Тоқсаныншы жылдардың» жаңғырығы және әлемдік тәжірибе

Психолог Анар Қыдықова оқу маңызды емес деген түсінік 90-шы жылдардағы құлдырау кездерінде қалыптасқанын айтады. Маман аттестат – жай ғана қағаз деген сенімді посткеңестік кеңістіктің өзіндік мұрасы санайды . Өйткені расымен 90-шы жылдардағы дағдарыс кезінде ғылым емес, аман қалу бірінші орында тұрды.

 «Ол кезде физикалық күш, агрессия және «қатал» мінез-құлық стратегиялары бағаланды. Сондықтан дәл осындай адамдар табысты болып көрінді. Бүгінде халықтың әл-ауқаты артып, білімділік бірінші орынға шықты», — дейді сарапшы.

Англияда 6 жыл тұрған Анардың байқауынша, дамыған елдерде нашар бағаның артықшылығы туралы түсінік мүлдем жоқ. Онда кәсіби құзыреттілік пен «икемді дағдыларды» (soft skills) ұштастырмайынша, мансаптық табысқа жету мүмкін емес.

Ғылым не дейді: үш негізгі зерттеу

Анар әлемнің жетекші университеттерінің статистикасы мектептегі үлгерім — болашақтағы өмір сапасының сенімді көрсеткіші екенін растайтынын айтады. Маман мұны әлемдік ғалымдардың 3 зерттеуіне сүйене отырып түсіндіреді.

«Мен еуропалық және америкалық зерттеулерді қарап шықтым, оларда мектептегі үлгерім неғұрлым жоғары болса, адамның болашақ мансабы соғұрлым табысты болып, жалпы өмірге қанағаттану деңгейі артатыны нақты белгіленген.Бұл қазіргі әлемде мектепте үлгерімі төмен оқушы болудың тиімсіз екенін және бұл болашақта табысқа жетуге кепілдік бермейтінін дәлелдейді. Төменде осындай бірнеше зерттеуді келтіремін», — дейді маман.

№1 зерттеу: Психологиялық саулық

Оңтүстік Каролина университеті (University of South Carolina), 2015 ж. Ғалымдар 821 оқушының мәліметін талдап, мектептегі үлгерім неғұрлым жоғары болса, ересек өмірде психологиялық саулық пен өмірлік нәтижелер соғұрлым жоғары болатынын анықтады.

№2 зерттеу: Мансаптық әлеует және креативтілік

Иллинойс университеті (University of Illinois), 2004 ж. Зерттеу когнитивтік қабілеттер мен мектептегі жетістіктер жұмыс тиімділігі мен креативтілікті тікелей анықтайтынын растады. Білім алуда жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар кәсіби салада жоғары әлеуетке ие.

№3 зерттеу: 16 жылдан кейінгі табыс деңгейі

Алабама университеті (University of Alabama), 2016 ж. Ғалымдар оқушылардың жетістіктерін мектеп бітіргеннен кейін 16 жыл өткен соң салыстырды. Нәтиже: оқудағы төмен көрсеткіштер орта есеппен ересек жастағы табыстың төмен болуына әкеледі.

Баға бұл тек  үлгерім көрсеткіші емес, мінез.

Психологтың айтуынша баланың оқу үлгерімі тек интеллектіні ғана емес, сонымен қатар маңызды тұлғалық қасиеттерді: тәртіпті, табандылықты, жауапкершілікті және бастаған істі аяғына дейін жеткізу қасиетін білдіреді. Дәл осы қасиеттер жас ұрпаққа болашақта өмір жолында кездесуі мүмкін қиындықтарды жеңуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Анар Қыдықова қазіргі жасөспірімдердің пәндерге таңдаулы қызығушылық танытатынын айтады.

«Барлық пәндер бойынша «үздік» болу міндетті емес, бірақ нақты бір ғылымдарға басымдық беріп, кәсіби дағдыларды мақсатты түрде қалыптастыруға болады. Баға – табыстың көптеген факторларының бірі ғана және ол тұлғаны толық анықтамауы керек», — дейді маман.

Ата-аналарға кеңес: тепе-теңдікті қалай табуға болады?

Оқу созылмалы күйзеліске айналмас үшін психолог «салауатты табыс» стратегиясын ұстануды ұсынады.

«Перфекционизмнен бас тартыңыз. Ізгі бағалар үшін жарысу көбінесе қызығушылықтан емес, қорқыныштан туындайды. Бұл тұлғаның еркіндігін тежейді. Баланың мықты тұстарына инвестиция жасаңыз. Ол барлық салада үздік болуға міндетті емес. Оқушының икеміне қарай мықты жақтарын дамытуға, математика, спорт немесе коммуникацияға жақын болса, соған көбірек көңіл бөлуге тырысыңыз», — дейді психолог.

Сонымен қатар, Анар Қыдықова баланың бойында «Soft Skills», яғни  эмоцияларды басқара білу және өзіне деген сенімділік қасиеттерінің болуы  бүгінгі таңда аттестаттағы бағамен бірдей маңызды болып екенін атап өтті.

2026 жылы мектепте «аутсайдер» болу экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан тиімсіз. Бірақ табыстың құпиясы — кез келген жолмен алынған «қызыл дипломда» емес, академиялық базаны икемділікпен және өз күшіне деген сеніммен ұштастыра білуде.

Оқу үшін