NoFake

Мектеп бітіру кештері қалай өтеді: министрлік түсіндірді

Фото: gov.kz

ҚР Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктері жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп орта білім беру ұйымдарында бітіру кештерін өткізуге байланысты талаптарды нақтылады, деп хабарлайды Nofake.kz.

Ведомство ұсынған мәліметтерге сәйкес, елімізде орта білім беру ұйымдарында бітіру кештерін өткізуге байланысты ҚР Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктерімен бірлескен бұйрық қабылданатын болады.

«Қабылданған шаралар білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, олардың құқықтарын қорғауды және құқық бұзушылықтардың алдын алуды қарастырады», — делінген хабарламада.

Бұл ретте, Оқу-ағарту министрлігі аттестаттарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында ұйымдастырылатынын атап өтті.

«Білім алушылардан, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен қаражат және өзге де материалдық құндылықтарды жинауға қатаң тыйым салынады. Белгіленген талаптарға сәйкес, бітіру кештерін білім беру ұйымдарынан тыс жерлерде ұйымдастыруға жол берілмейді», — делінген хабарламада.

Одан бөлек, министрлік жергілікті атқарушы органдарға қаржылық шығындарды талап етпейтін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылғанын хабарлады.

Сондай-ақ, ішкі істер органдары тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар тапсырылғаны белгілі болды.

Оқу үшін