Kundelik пен ЖИЦД мектеп оқушыларының деректерінің таралуы туралы ақпаратты жоққа шығарды

фото: Depositphotos
Kundelik жүйесі пайдаланушыларының жеке деректерінің таралуы жөнінде анонимді Telegram-арналарда тараған ақпарат расталған жоқ, деп хабарлайды nofake.kz/.
Компанияның мәліметінше, анонимді Telegram-арналардың бірі Kundelik электронды күнделік жүйесінен жеке деректердің таралуы туралы ақпарат таратқан.
«Жеке мәліметтер таралды деп хабар таратқан анонимді Telegram-арна онда жарияланатын мәліметтерге жауапкершілік алмайды. Қазіргі уақытқа дейін Күнделік жүйесіндегі мәліметтердің таралуы жайлы ақпарат расталған жоқ. Компания ішкі техникалық тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру аяқталмайынша, болған жағдайдың себептері мен ауқымы туралы қандай да бір қорытынды жасау ерте», — деп мәлімдеді компания өкілдері.
Сондай-ақ Kundelik тексеру нәтижелері бойынша қоғамды қосымша хабардар ететінін уәде етті.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде (ЦДИАӨМ) жеке деректерді қорғау мәселесі тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Заңнама талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда белгіленген тәртіппен тиісті шаралар қабылданады.
Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун Kundelik пайдаланушыларының деректерінің ықтимал таралуы туралы хабарламаларға пікір білдіріп, сол сәтте ведомствода расталған ақпарат болмағанын айтқан. Оның сөзінше, министрлік тексеру бастамасын көтерген, оның қорытындысы бойынша ресми ұстаным ұсынылады. Ол барлық тексеру шаралары аяқталғаннан кейін ғана қорытынды жасауға болатынын атап өтті.


