NoFake

Көлікті қысқы маусымға дайындау: мифтер мен шындық

Фото: Depositphotos.com

Жүргізушілер көлікті қысқы маусымға дайындағанда көбіне оның майы мен дөңгелегін ғана ауыстырады. Маманның пікірінше, бұл жеткіліксіз. Қысқа тыңғылықты дайындалмаған көлік қатты аязда оталмайды немесе жүйе қатып қалуы мүмкін, деп хабарлайды nofake.kz/.

Көлік ішін майшаммен жылытуға болады

Астана қаласы кәсіптік-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Олжас Оспановтың пікірінше, қыс мезгілінде көлік оталдырғанда тек қозғалтқышты қыздырумен шектелмеген дұрыс.

«Қыста жолға шықпас бұрын көліктің антифриз, май, дөңгелегін және аккумуляторын тексеру қажет. Сондай-ақ көлікте күрек, қалың киім және майшам болғаны дұрыс. Егер көлік далада оталмай қалса, майшам арқылы машинаның ішін жылытуға болады», – дейді маман.

Миф пе, шындық па?

Көлікке қызмет көрсету маманы Олжас Оспановтың айтуынша, жүргізушілер арасында қыста көлік күтіміне қатысты көптеген қате түсінік бар.

Миф 1: Аккумулятор суықта «кенеттен отырып қалады»

Ақиқат: Суық тек әлсіз аккумулятордың ақауын күшейтеді. Ол қуатының 30–40%-ын суықта жоғалтады. Сондықтан оны алдын ала тексеру қажет.

Миф 2: «Маусымдық» шина болса жеткілікті.

Ақиқат: Олар суықта қатып, жүрген кезде жолда тайғақтауы мүмкін.

Миф 3: Заманауи көліктер өздігінен қысқы режимге өтеді.

  Ақиқат: Электроника ауа райына бейімделгенімен, бұл толық қысқы дайындықты алмастырмайды.

Былтыр қыста әлеуметтік желілерде «көлікті 5 минуттан артық қыздырған жағдайда жүргізушіге айыппұл салынады» деген ақпарат тарап, қоғамда қызу талқыланған еді.

ҚР Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев бұл бұйрықтың заңдық күші жоқ екенін айтты.

«Мен — автомеханикпін. 5 минутта көлік толық жылымайды. Терезелер мен жүйелер дұрыс жұмыс істеуі үшін көбірек уақыт қажет. Әсіресе солтүстікте — 20, –30 градус аязда бұл мүмкін емес», – деді депутат.

Сонымен қатар, ол көлікті қыздыру уақытына қатысты нақты заң да, қаулы да жоқ екенін түсіндірді.

«Мұндай заң да, қаулы да болған жоқ. Бұл — Ішкі істер министрінің 2005 жылғы ескі бұйрығы. Былтыр қыста біреулер соны қайта көтеріп, қолдануға тырысқан. Мен осы мәселеге байланысты депутаттық сауал жолдадым. ҚР ІІМ өкілдері бұл бұйрықты қолданбаймыз деп мәлімдеді. Егер мәселе қайта көтерілсе, біз оны толық алып тастауға дейін жұмыс істейміз», – деді Ерубаев.

ҚР ІІМ Баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде көлік жүргізушісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық фактісі тіркелсе ғана айыппұл салынады.

«Жол қозғалысы ережесіне сәйкес, тұрғындар шағымданса ғана көлікті 5 минуттан артық қыздыруға тыйым салынады. Бұл ереже елдің барлық аумағында, кез келген маусымда қолданылады. Мұндай әрекет Әкімшілік кодекстің 597-бабы бойынша құқық бұзушылық болып саналады, бірақ Ішкі істер органдары азаматтарға жаппай айыппұл салуды көздемейді — іс тек ресми шағым түскен және дәлелдер болған жағдайда ғана қозғалады«, — деп хабарлады ведомство.

Қыста көлікті ұзақ қыздыру міндетті емес, бірақ оның барлық жүйесін уақытылы тексеріп, аязға дайын күйде ұстау – әр жүргізушінің жауапкершілігі.

Оқу үшін