NoFake

«Каспи» мен «Ұлттық банк» атынан келетін жалған құжаттарды қалай ажыратамыз

Астана тұрғыны алаяқтардың құрбаны бола жаздады. Аты-жөнін жазбауымызды сұраған келіншектің айтуынша, белгісіз біреулер оған өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, жалған құжаттар арқылы сеніміне кірмекші болған. nofake.kz/ редакциясы жәбірленушімен байланысып, оқиғаның мән-жайын анықтады және алаяқтар ұсынған материалдарды ресми органдар арқылы тексерді.

Оқиға қалай басталды?

Келіншекпен байланысқа шыққан бірінші адам өзін «Қазпоштаның қызметкерімін» деп таныстырып, оған Салық комитетінен хат келгенін айтқан. Әдетте мұндай хаттар алып үйренген әйел бастапқыда сеніп қалған. Ол, тіпті 1414 нөмірінен келген СМС-кодты да айтқан. Алайда, «хаттың» мазмұны жайлы нақты сұрақтарға жауап болмаған соң, күдіктенген.

Жарты сағаттан кейін басқа бір нөмірден тағы бір адам хабарласып, бұл жолы өзін «Халық банк» қызметкері ретінде таныстырған. Ол азаматшаның атына бес банктен несие рәсімделіп жатқанын айтып, үрей тудырған.

«Менің жеке деректерімді жіберген соң, оны шынымен банк қызметкері шығар деп қалдым. Олар Каспи банктен құжат жіберіп, кейін Ұлттық банктің өкіліне қосты. Бірақ бәрі бір нөмірден сөйлесті. Қазақша сөйлейтін қызметкер сұрағанымда, «олар бос емес» деді. Бұл да күмәнімді күшейтті», – дейді келіншек.

Оның айтуынша, алаяқтар мөр басылған жалған құжаттар жіберіп, 2 млн теңге көлемінде несие алынғанын көрсеткен. Құжатта аты-жөні мен ЖСН-і жазылған. Сондай-ақ, олар қай банктерді пайдаланатынын сұраған.

«Алаяқтар жиі қоңырау шалып, банктерге хабарласуыма кедергі келтіруге тырысты. Кейін жұбайымның кеңесімен Kaspi және басқа банктердің ресми колл-орталығына хабарласып, өзімнің атыма ешқандай несие рәсімделмегенін анықтадым», — деді кейіпкеріміз.

Жалған құжатты қалай ажыратамыз?

nofake.kz/ редакциясы күмәнді құжаттарды Ұлттық банк пен Каспи банкке жолдап, түсіндіруін сұрады. ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінің басшысы Асан Қалиахметов «құжаттың» жалған екенін растады.

Фото: Кейіпкерге келген құжат

«Бұл жалған парақ, құжат та емес. Ұлттық банк ешқашан мұндай құжат дайындамайды. Оның үстіне, бірінші деңгейлі банк ретінде Ұлттық банк жеке тұлғалармен мүлде жұмыс істемейді. Мұндай жалған анықтамаларды алаяқтар жүздеп, мыңдап жасай береді. Азаматтар аса мұқият болғаны жөн», – деп мәлімдеді ведомство өкілі.

Көріп отырғандарыңыздай, Ұлттық банк атынан жіберілген «құжат» қалыбы тіпті ойдан шығарылған. ҚР Ұлттық банкінің №4 филиалы жоқ. Ал Ұлттық банктің ресми өкілі мекемеде Г.О. Пирманов есімді азамат жұмыс істемейтінін айтты.

Каспи банк өкілі де жіберілген құжат фейк екенін растады.

Фото: Кейіпкерге келген құжат

«Банк атынан мұндай материалдар таратылмайды. Күмән туған жағдайда азаматтар Kaspi қосымшасындағы «Kaspi Гидпен чат» қызметіне жүгінуіне болады», – деп хабарлады.

Коллаж: nofake.kz/

Kaspi банк атынан жіберілген «құжатта» банк аты кіші әріппен жазылған, шрифті сәйкес келмейді, банк мөрі қызыл түсті. Сондай-ақ, Kaspi банктің Басқарма төрағасы М. Ломтадзені — банктің Алматы қаласындағы №475 филиалының басшысының орынбасары деп қате көрсеткен.  

Мұндай оқиғалар кибер-алаяқтардың Қазақстанда белсенді әрекет етіп жатқанын көрсетеді. Олар азаматтардың жеке деректерін түрлі жолмен алып, жалған құжаттар арқылы қорқытып, банк деректерін сұратуға тырысады. Сарапшылар күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеуге, барлық ақпаратты тек ресми көздерден тексеруге шақырады.

Оқу үшін