NoFake

Инвестиция ма, алаяқтық па: Жалған брокерлікті қалай танимыз

Depositphotos 179522530 L

Фото: depositphotos

Инвестицияға қызығушылық артқан сайын өзін брокер немесе брокерлік компания ретінде таныстыратын алаяқтар да көбейіп отыр. nofake.kz/ лицензиясы бар заңды делдалды қалай тануға болатынын түсіндірді.

Қоғамда инвестицияға қызығушылық артқан сайын жалған брокерлер мен брокерлік компаниялардың да белсенділігі күшейіп отыр. Олар лицензиясыз қызмет көрсетіп, азаматтардың ақшасын алдап алуға тырысады.

Брокер деген кім?

Брокер – инвестордың атынан бағалы қағаздарды сатып алу немесе сату үшін биржада делдал болатын маман немесе ұйым өкілі. Қазақстанда брокер тек тиісті лицензиясы бар брокерлік компания арқылы ғана жұмыс істей алады.

Брокерлік компания деген не?

Брокерлік компания – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар, инвестициялық қызметті заңды түрде көрсететін ұйым.

брокерлік
Фото: nofake.kz/

Жалған брокерлік компаниялардың жұмыс схемасы

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше жалған брокерлер мен жалған брокерлік компаниялардың басты белгісі – Қазақстанда инвестициялық қызмет көрсетуге рұқсат беретін лицензиясының болмауы. Көбіне олар шетелде тіркелген, офшорлық аймақтарда орналасқан және қазақстандық реттеушінің бақылауынан тыс.

Мұндай «компаниялар» жоғары табыс уәде етіп, агрессивті жарнама арқылы әсіресе жаңадан бастаған инвесторларды нысанаға алады. Сенім ұялату үшін ірі қазақстандық компаниялардың атауы мен логотипін заңсыз пайдаланады.

Алаяқтардың жиі қолданатын әдістері

Жалған брокерлік компаниялар көп жағдайда қысқа мерзімде үлкен пайданы уәде етед. Тұтынушыларына белгісіз нөмірлерден қоңырау шалып, мессенджерлер арқылы байланысады. Жалған қаржылық есептер мен графиктер көрсетеді. «Инвестиция өсіп жатыр» деп көрсететін жалған қосымшалар ұсынады. Ақша шығару үшін қосымша төлем, «сақтандыру» немесе «комиссия» талап етеді.

Брокер мен брокерлік компанияны қалай тексеруге болады?

Инвестиция салмас бұрын брокерлік компанияның лицензиясын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтындағы «Тізілімдер мен рұқсаттар» бөлімінен тексеру қажет. Сондай-ақ Қазақстан қор биржасының сайтында брокерлер тізімі бар.

Бұдан бөлек агенттік сайтында лицензиясыз қызмет көрсетіп жүрген және қаржы пирамидасының белгілері бар субъектілердің арнайы тізімі жарияланған. Қазір онда 295 ұйым бар. Бұл тізіммен алдын ала танысу — қаржыңызды қорғаудың маңызды қадамы.

Оқу үшін