Жеке куәлік пен паспорт тек онлайн беріледі деген ақпарат жалған — ІІМ

Фото: Gov.kz
Қоғамда «жеке куәлік, паспорт және жүргізуші куәлігі енді тек онлайн форматта рәсімделеді» деген ақпарат тараған болатын. ҚР Ішкі істер министрлігі бұл қауесетті ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды NoFake.kz.
ХҚКО-лар бұрынғыша жұмыс істей береді
Министрліктің баспасөз қызметі құжаттарды рәсімдеудің дәстүрлі тәсілі сақталатынын жеткізді. Интернетке қолы жетпейтін немесе смартфонды қолдана алмайтын азаматтар үшін ешқандай шектеу жоқ.
«Жеке куәлік, паспорт және жүргізуші куәлігі тек онлайн форматта ғана рәсімделеді деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта аталған құжаттарды рәсімдеу бойынша мемлекеттік қызметтер электрондық үкімет порталы және eGov Mobile мобильдік қосымшасы арқылы электрондық форматта, сондай-ақ көші-қон қызметі бөлімшелері мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы дәстүрлі тәртіпте көрсетіледі», -делінген министрліктің редакциямызға берген жауабында.
Осылайша, интернетке немесе смартфонға қолжетімділігі жоқ азаматтар бұл құжаттарды жеке жүгіну арқылы рәсімдей алады.
Пластикалық құжаттар жойылмайды
Көпшілікті мазалаған тағы бір мәселе – құжаттардың физикалық түрінен бас тарту. Министрлік бұл тұрғыда да нақты жауап берді.
«Жеке басын куәландыратын құжаттарды пластикалық карталар және паспорт түрінде беру жалғасуда және олардың физикалық нысанын жою жоспарланбайды. Цифрлық құжаттар – азаматтардың қолайлылығы үшін қосымша құрал ғана», — делінген ІІМ баспасөз қызметінің редакциямызға берген жауабында.
Қауіпсіздік және баламалы жолдар
Министрлік цифрлық қызметтерде техникалық ақаулар болған жағдайда, азаматтардың құқығы шектелмейтінін баса айтты. Офлайн қабылдау тоқтатылмайды. Сондай-ақ, биометриялық тексерулер құжаттарды бөгде адамдардың рәсімдеу қаупін барынша азайтады.


