ІІМ ескертеді: Конституция туралы жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылады

Фото: Gov.kz
Желіде Конституция туралы фейктер көбейді. ІІМ бұл ақпараттарды жоққа шығарып, жалған мәлімет таратқандар жауапқа тартылатынын ескертті, деп хабарлайды nofake.kz/
ІІМ мәліметінше, қоғамдық кеңістікте фактілерді әдейі бұрмалау жағдайлары тіркелген. Атап айтқанда, Алматы қаласында: Бір тұрғын «жаңа Конституцияда жерді шетелдіктерге сатуға тыйым алынып тасталды» деген қауесет таратқан. Бұл ақпаратты Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ресми түрде жоққа шығарды.
Абай облысында: Семей тұрғыны «мемлекеттің унитарлығы мен аумақтық тұтастығына күмән келтіретін түзетулер енді» деп жұртты жаңылыстырған. Шын мәнінде, жобада бұл қағидаттар керісінше нығайтылған.
Екі азамат та көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Ішкі істер министрлігі департаментінің бастығы — ресми өкілі Шыңғыс Алекешев мәселенің мән-жайын түсіндіріп, тек фактілерді бұрмалаушылар ғана жазаланатынын қадап айтты.
«Конституция жобасын талқылау, азаматтардың өз пікірлері мен ұстанымдарын білдіруі заң бұзушылыққа жатпайды. Жауапкершілік тек қана көрінеу жалған ақпарат тарату және фактілерді әдейі бұрмалау үшін көзделген. Біз азаматтарды дұрыс шешім қабылдауға, арандатуға ермеуге және тек ресми әрі тексерілген ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз. Ішкі істер министрлігі жағдайды толық бақылауда ұстап отыр және кез келген тұрақсыздандыру әрекеттеріне қатаң ден қояды», — деді маман.
ІІМ жалған ақпарат таратудың соңы қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын еске сала отырып, «Заң мен тәртіп бәрінен жоғары» деген ұстанымды нақты ұстанатынын мәлімдеді.


