NoFake

Ақтөбедегі делдалдардың ХҚО қатысы бар ма — Мемкорпорация мәлімдеме жасады

Скрин видео

Ақтөбеде шетел азаматтарын тіркеуге қатысты заңсыз делдалдық схемасы әшкереленді. Осы оқиғаға байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ХҚКО-ның бұл іске қатысы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Мемлекеттік корпорацияның аталған жарияланымдарда көрсетілген фактілерге қатысы жоқ. Қызметкерлер жауапкершілікке тартылған жоқ және ұсталған емес. ХҚКО орналасқан ғимарат жеке меншікке тиесілі, көпфункционалды нысан болып табылады және 5 қабаттан тұрады. Бұл ретте Мемлекеттік корпорация тек 2 және 3-қабаттарды жалға алып, сол жерде ғана қызмет көрсетеді. Ғимараттың басқа қабаттарындағы орынжайлар өзге ұйымдарға жалға берілген және Мемлекеттік корпорацияның жауапкершілік аймағына кірмейді», – деп хабарлады ведомство.

Еске салсақ, 2 сәуір күні ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жалға алынған кабинеттерде шетел азаматтарына жалған құжаттар арқылы делдалдық қызмет көрсеткен адамдар тобын анықтаған. Бұған дейін ХҚКО маңындағы кеңселерде ақшалай сыйақы үшін тіркеу қызметін ұсынып, жалған құжаттарды пайдаланған топтың әрекеті тоқтатылғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша жедел-тергеу шаралары жалғасуда.

Оқу үшін