NoFake

Фейк аккаунтты қалай тез анықтаймыз

лже аккаунты

Фото: Depositphotos

Фейк аккаунттар әлеуметтік желі қолданушыларын жиі адастырады. nofake.kz/ оларды бір минутта тануға мүмкіндік беретін негізгі белгілерді жинақтады.

Фейк аккаунт деген не?

Фейк аккаунт — нақты адамға тиесілі емес немесе жалған ақпаратпен жасалған профиль. Мұндай аккаунттар көбіне боттар, алаяқтар немесе жалған пікір қалыптастыру үшін қолданылады. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің Дербес деректерді қорғауды дамыту бойынша басқарма басшысы Ырысты Жәлілханова жалған аккаунттың негізгі бес белгісін атап көрсетті.

Фейк аккаунттың негізгі белгілері:

1. Профильдегі күмәнді жайттар

Фото тым мінсіз, сток суретке немесе жасанды интеллектке ұқсайды. Сток сурет  (ағылш. Stock — «қор») дегеніміз – белгілі бір тақырыпта түсірілген фото. Ол ашық сауда платформаларында сатылады және иллюстрация немесе жарнама ретінде пайдаланылуы мүмкін. Сток суреттер жинағын кейде «фотосток», «фотоархив», «фотосуреттер кітапханасы», «имиджбанк» немесе «фотобанк» деп те атайды.

«Нақты адамның аккаунты уақытпен қалыптасады. Онда өмірдің ізі болады: әр кезеңде салынған суреттер, әртүрлі жазбалар, таныстармен диалог. Аккаунт атына назар аудару қажет, өткені кездейсоқ әріптер мен сандар көп болған жағдайда күмән тудырады. Ал жалған аккаунтта бәрі «таза» болады. Бірнеше фото, қысқа уақыт ішінде жасалған жазбалар, кейде мүлде контент жоқ. Осылардың барлығы ең алғашқы сигнал», — деді министрлік өкілі.

2. Парақшаның аты мен никнейміндегі мән беретін белгілер

Егер парақша атауында кездейсоқ әріптер мен сандар жазылған болса да, мысалы «arman_493028»,  бұл назар аударарлық мәселе. Көп жағдайда фейк аккаунттардың аты профильдегі елге немесе тілге сәйкес келмейді.Тіпті кейбір парақшалар танымал адамның атын көшіріп қолдануы мүмкін.

3. Контенттің сапасы

Жалған парақшаларда жеке ой, тәжірибе, эмоция жоқ. Онда тек репосттар немесе автоматты жазбаларды көруге болады. Әртүрлі посттардың астында бірдей пікірлер кездеседі.

4. Белсенділік пен статистика

Аккаунт жақында ғана ашылған. Жазылған аккаунттары көп, бірақ жазылушылары аз. Парақша иесі бірден жеке хабарлама жазады.

5. Мінез-құлқындағы қауіпті белгілер

Тез арада ақша, код немесе сілтеме сұрайды. Видео-қоңыраудан бас тартады. «Шұғыл», «соңғы мүмкіндік» деп асықтырады. Бұл – алаяқтықтың классикалық тәсілдері.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше ресми органдарға қатысты ескеретін маңызды жайт — мемлекеттік органдар мен олардың қызметкерлері:

– жеке парақша арқылы код сұрамайды,

– сілтеме жібермейді,

– ақша талап етпейді,

– дербес деректерді жинамайды.

«Күмән туса – тоқтап, фактчекинг жасау керек. Дербес деректерді жібермеу керек. Белгісіз сілтемені ашпау керек. Аккаунтты бұғаттап, шағымдану қажет», — деді Ырысты Жәлілханова.

Ал nofake.kz/ редакциясы парақшаның жалған немесе шынайы екенін анықтау бойынша мынадай 1 минуттық тексеру ұсынады:

Фотоны кері іздеу, аккаунттың ашылған күнін тексеру, посттар мен хабарламалар стилін салыстыру, достары мен пікірлерінің шынайылығына мән беру. Сондай-ақ, инстаграм желісіндегі парақша атауының жиі өзгеруі де күмән туғызуы тиіс. Оны сіз сол парақшаның «профиль туралы ақпарат» бөлімінен көре аласыз.

Оқу үшін