«Ақшаны қайтару мүмкін емес»: Киберқылмысқа қатысты кең тараған мифтер

Коллаж: NoFake.kz
AntiFraud Forum Kazakhstan форумында киберқылмысқа қатысты кең тараған мифтер талқыланып, олардың негізділігі сараланды. NoFake.kz тілшісі әрбір пікірді зерттеп, шынайылығына баға берді.
Миф 1 – Банктер ұрланған қаражатты қайтаруға көмектеспейді
Бұл пікір толық шындықты көрсетпейді. Қаражатты қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, бірақ оның нәтижелері ірі шығындарға байланысты резонансты оқиғалардың тасасында қалып қояды. Қазақстан Ұлттық банкінің Ұлттық төлем корпорациясына қарасты Антифрод-орталығының жетекшісі Айнура Измайлованың айтуынша, алаяқтыққа тап болған адамдар үшін статистика емес, нақты өз ақшасын қайтару маңызды.
«Көп жағдайда мұндай жағдайлар жария етілмейді. Адамдар өздеріне көмектескенін немесе ақшасы сақталып қалғанын айта бермейді. Ал шығын болған жағдайлар керісінше көп талқыланады. Бүгінгі таңда Антифрод-орталық арқылы 500 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды», – деді ол.
Сондай-ақ он мыңдаған жағдайда қаражат аударылмай тұрып тоқтатылған немесе қайтарылған. Бұл – мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстың нәтижесі. Мұнда ақпараттың қаншалықты жылдам түскені және алаяқтықтың қай кезеңінде анықталғаны маңызды.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары Ерәділ Ахметовтің мәліметінше, жағдай біртіндеп жақсарып келеді.
«Биыл бірінші тоқсанда интернет-алаяқтықтан келген шығын 4,8 млрд теңгені құрады. Оның жартысы – 2,4 млрд теңге – жәбірленушілерге қайтарылды. 2025 жылы 12,2 млрд теңге шығын келтіріліп, оның 5 млрд теңгесі қайтарылған. Бұл – оң динамика», – деді ол.
Миф 2 – Алаяқтарды ұстамайды және жазаламайды
Киберқылмысты ашу күрделі екені рас, себебі қылмыскерлер түрлі елдерде болуы мүмкін. Бірақ арнайы бағдарламалардың арқасында құқық қорғау органдары оларды анықтап, жауапкершілікке тартып жатыр. ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Әлібек Оразалы нақты статистикаларды көрсетті.
«Өткен жылы 6 мыңнан астам киберқылмыс ашылып, 1750-ден астам адам ұсталды. Биылғы үш айда 447 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды»,-деді маман.
Миф 3 – Киберқылмыскерлер нақты мерзімге сотталмайды
Бұл да шындыққа жанаспайды. Сотқа жететін істер саны артып келеді.
«Биыл соттарға 2000-нан астам іс жолданды. Өткен жылы шамамен 1300 іс болған. Бұл – мемлекеттік органдар, банктер мен ұйымдардың жұмысы нәтижесін беріп жатқанын көрсетеді»,-деді Ерәділ Ахметов.
Миф 4 – Дропперлер жазасыз қалады
Бұл миф те өзектілігін жоғалтып келеді. Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа нормадан кейін дропперлерді анықтау айтарлықтай жақсарды. Өткен жылы 53 іс тіркелсе, биылдың басынан бері 393 іс тіркелген. Яғни механизм толық жұмыс істей бастады.
Миф 5 – Деректердің таралуына тек банктер кінәлі
Бұл – қате түсінік. Цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Талғат Мұстағұловтың айтуынша, деректердің таралуына барлық ұйым жауапты.
«Дербес деректерді қорғауға қатысты талаптар күшейтілді. Айыппұлдар артты. Кей жағдайларда тек ұйымдар емес, мемлекеттік қызметкерлер де жауапқа тартылады. Айыппұл көлемі 8 млн теңгеге дейін жетеді», – деді ол.
Миф 6 – Кибералаяқтар жалғыз әрекет етеді
Қазіргі киберқылмыс – ұйымдасқан жүйе. Айнұр Измайлованың айтуынша, бұл – толыққанды бизнес: қоңыраулар, жалған инвестициялар, түрлі схемалар арқылы жұмыс істейді. Халықаралық деңгейде де бірлескен операциялар жүргізілуде. Жүргізілген талдау киберқылмысқа қатысты кең тараған мифтердің көпшілігі шындыққа сәйкес келмейтінін көрсетті. Статистика қылмыстардың ашылуы артып, жауапкершілік күшейгенін, сотқа жететін істер саны көбейгенін және жәбірленушілерге қайтарылған қаражат көлемі өсіп жатқанын дәлелдейді. Сонымен қатар заңнамалық база жетілдіріліп, халықаралық ынтымақтастық күшейіп келеді.


