Ербол Қарашөкеев «Қазфосфатта» зиянды шығарындылардың шектен асқанын растады

Фото: ОКҚ
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Қазфосфат» кәсіпорнының зиянды шығарындылары туралы желіде тарап жатқан видеороликтерге түсініктеме берді. Оның айтуынша, профильдік қызметтердің өлшеу нәтижелері заңбұзушылықтарды растаған, деп хабарлайды nofake.kz/.
«Тараз тұрғындарынан әлеуметтік желілерде маған жиі шағымдар келіп түседі. Желідегі «Төле би және Ниетқалиев көшелері маңында байқалған қою түтін мен тұман видеолары минералды тыңайтқыштар өндіретін «Қазфосфат» зауытынан шығып жатыр» деген ақпарат тарауда. Облыстық экология департаментінің зертханасы санитарлық-қорғау аймағынан тыс жерде атмосфералық ауаның сапасын тұрақты түрде өлшеп отырады. Тексеру нәтижелеріне сәйкес департамент түтін бойынша шекті рұқсат етілген нормалардың асқанын анықтады. Бұл фактілер расталды. Шынымен де, шығарындылар нормадан артық болды», — деді Ербол Қарашөкеев.
Өңір басшысы анықталған заңбұзушылықтарға байланысты экология департаменті кәсіпорынға әкімшілік айыппұл салғанын және шығарындылар нормативтерінің сақталуын қамтамасыз ету, жаңа сүзгілер орнату туралы нұсқама бергенін атап өтті. Жағдай уәкілетті органдардың бақылауында. Жақын арада бұл ахуалдың жақсаруы күтіледі.


