NoFake

Дипфейктер демократияға қалай қатер төндіреді — Британ саясаткерімен эксклюзив сұхбат

Снимок экрана 2025 12 29

Скрин видеодан

nofake.kz/ лорд Тим Клемент-Джонспен дипфейк, демократияға қатер және заңның ЖИ-ден артта қалуы туралы сұхбатты ұсынады.

Лорд Тим Клемент-Джонс – британдық саясаткер, өмірлік пэр, Либерал-демократтар атынан Лордтар палатасының мүшесі, партияның ғылым, инновация және технологиялар жөніндегі ресми өкілі, Ұлыбританиядағы цифрлық саясат пен жасанды интеллектіні реттеу саласындағы негізгі сарапшылардың бірі. Бұған дейін Лордтар палатасының жасанды интеллект жөніндегі арнайы комитетін басқарған.

— Лорд Тим Клемент-Джонс, сәлеметсіз бе! Қолданыстағы заңнамаға сүйенсек, Ұлыбританияда дипфейктерге қатысты қандай құқықтық нормаларды қолдануға болады?

— Ең алдымен, бұл  Интернеттегі қауіпсіздік туралы заң (Online Safety Act). Ұлыбритания тарихында алғаш рет интимдік дипфейк таратқандарға қылмыстық жауапкершілік енгізді. Сондай-ақ онлайн-платформаларды заңсыз контентпен күресуге және балаларды қорғауға міндеттеді. Алайда бұл заң дезинформация мәселесін толық шешпейді, сондықтан заңдағы олқылықтарды анықтап, ұсынымдар әзірлеу үшін Онлайн-ақпарат жөніндегі консультативтік комитет құрылды.

— Комитетке 18 ай ішінде баяндама дайындау тапсырылған екен

— Баяндама жоспар бойынша, 2026 жылдың қазан айына қарай дайын болуы керек. Онда платформалардың дезинформациямен қалай жұмыс істеу керектігі және заңнамаға қандай өзгерістер қажет екені көрсетілуі тиіс. Консультативтік мәртебесіне қарамастан, комитет тәжірибелі сарапшылардан құралған, сондықтан оның жұмысына байыппен қарау қажет.

— Жалған ақпарат таратуға қатысты не айтасыз?

— Іс жүзінде бұл норма тиімді жұмыс істемейді. Себебі, заң бір мезетте екі жайтты — ақпараттың жалған екенін білу және әдейі зиян келтіру ниетін дәлелдеуді талап етеді. Бұл өте қиын. Саутпорттағы оқиғалар кезінде де айып тағылмауы соның айқын дәлелі болды.

— Билік бұл олқылықтарды жабуға тырысып жатыр…

— Бұл міндетті «Қылмыс және полиция қызметі туралы» жаңа заң жобасы атқарады. Ол интимдік дипфейктерді тек таратуға ғана емес, оларды жасауға да жауапкершілік енгізеді, сондай-ақ балаларды жыныстық қанауға қатысты материалдармен жұмыс істеуді қылмыстық әрекет деп таниды. Осылайша Online Safety Act-тен кейін қалған құқықтық бос кеңістік толтырылады.

— Дегенмен шешілмеген мәселелер әлі де бар…

— Мысалы, «киім шешетін қосымшалар» (nudification applications) әлі қылмыстық құқық аясынан тыс қалып отыр. Сондай-ақ соттардың бұлтты сервистердегі деректерге қол жеткізу өкілеттігі жеткіліксіз. Интимдік бейнелердің қайта жүктелуін болдырмау үшін мемлекеттік тізілім құру идеясы да талқылануда.

— Дипфейктерге байланысты ең қауіпті қатерлерге тоқталсақ…

 — Ең үлкен зиян келісімсіз жасалған интимдік бейнелерден туындайды. Бұл — бейнелік зорлықтың бір түрі. Екінші ірі қауіп — қаржылық алаяқтық, соның ішінде банктік жүйелерді алдау үшін дауысты клондау. Үшінші қауіп — демократияға төнетін қатер. Ұлыбританияда саяси дипфейктер әлі жаппай таралмаса да, жекелеген жағдайлар болды және олардың саны арта береді.

— Интернеттегі қауіпсіздік туралы заң нені реттейді?

— Негізінен интимдік дипфейктерді. Ал қаржылық алаяқтық пен саяси манипуляциялар бұл заңда әлсіз қамтылған. Бұл тәуекелдердің бір бөлігі басқа заңдармен, соның ішінде жаппай алаяқтыққа қолданылатын SIM-фермаларға қатысты нормалар арқылы реттеліп жатыр.

 — Адамның интернеттегі жеке деректерін ұрлау туралы ойыңыз қандай?

— Адам деректерін ұрлауды жеке қылмыс құрамы ретінде енгізу идеясын қолдаймын. Қазір құқық жүйесі алаяқтық жасалған соң ғана, тым кеш әрекет етеді. Ал оның алдын алу әлдеқайда маңызды.

— Интимдік дипфейктерді жасау мен тарату арасындағы айырмашылық туралы не дейсіз?

— Жаңа заң жобасы қабылданғаннан кейін дипфейктердің белгілі бір қауіпті түрлерін жасау да қылмыстық жауапкершілікке жатады. Әсіресе жыныстық қанаумен байланысты формаларға қатысты.

— Саяси дипфейктерге қатысты құқықтық база қаншалықты жеткілікті?

— Шын мәнінде, сайлау заңнамасы оларды қамтымайды. Ақылы саяси жарнама үшін цифрлық белгілеулер бар, бірақ анонимді әрі вирустық контентке бұл тетік жұмыс істемейді. Бұл ең күрделі әрі шешілмеген мәселелердің бірі.

— Қайсысы тиімдірек: жаза ма, әлде платформаларға міндет жүктеу ме?

— Екеуі де қажет. Қылмыстық жауапкершілік платформалардың контентті анықтау және жою жөніндегі қатаң міндеттерімен қатар жүруі тиіс.

— Платформаларға қойылатын қандай талаптар шынымен көмектеседі?

— Негізгі тетіктер -міндетті тәуекелді бағалау, ашықтық және тәуелсіз зерттеушілердің платформа деректеріне қол жеткізуі. Соңғысы әзірге аккредитация критерийлерінің болмауына байланысты толық іске аспай отыр.

— Заң дипфейктерге ілесе алмай отыр ма?                                                                                  

— Өте қатты артта қалып отыр. Ұлыбританияда жасанды интеллект туралы жеке заң жоқ, алгоритмдердің ашықтығы мен міндетті стандарттар да қарастырылмаған. Сонымен қатар Ofcom реттеушісі Online Safety Act-ті тым тар түсіндіріп, платформалардың архитектурасы мен «қауіпсіздік» қағидатына жеткілікті көңіл бөлмей отыр.

 — ЖИ мен дипфейктерді реттеуде қандай қателіктерге жол бермеу керек?

— Ең бастысы — уақыт созбау және жекелеген технологияларға байланып қалмау. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жалпы міндет әлдеқайда тиімді.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Оқу үшін