NoFake

Eco, Bio, Natural: тауар қаптамасындағы жазулар заңмен қалай реттеледі

эко био

Фото: Depositphotos

Елімізде тауар қаптамасындағы “Eco”, “Bio”, “Natural” жазулары мен импорттық өнімдерге қойылатын маркировка талаптары түсіндірілді, деп хабарлайды nofake.kz/

Экологиялық маркировка қалай реттеледі

2021 жылғы 2 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес, экологиялық маркировка деп өнімнің, жұмыстардың немесе қызметтердің қоршаған ортаға әсері туралы ақпаратты білдіретін мәтіндік, графикалық немесе белгілік мәліметтер саналады. Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің басқарма басшысы Нұрбек Қазбектің айтуынша мұндай маркировка өнімнің жапсырмасында, қаптамасында, техникалық құжаттамасында немесе жарнамалық материалдарда көрсетілуі мүмкін.

«Экологиялық маркировка ерікті негізде жүзеге асырылады және ол тек аккредиттелген ұйымдар арқылы сәйкестігі расталғаннан кейін қолданылуы тиіс. Маркировка кезінде өнімнің бүкіл өмірлік циклы — өндіру, пайдалану және пайдалану кезеңдері ескеріледі», — дейді маман.

“Eco”, “Bio”, “Natural” жазулары нені білдіреді

Басқарма басшысынң айтуынша заңнамада “Eco”, “Bio”, “Natural” атаулары жеке ұғым ретінде нақты регламенттелмеген.

«Осыған байланысты мұндай жазулардың болуы өнімнің міндетті түрде экологиялық немесе табиғи екенін білдірмейді. Ресми экологиялық мәртебе тек сертификатталған және расталған маркировка болған жағдайда ғана танылады. Мамандардың айтуынша, сертификатсыз қолданылған мұндай атаулар көбіне маркетингтік сипатқа ие», — дейді ол.

Қаптамадағы белгішелер тұтынушыны шатастыруы мүмкін бе

Сонымен қатар Нұрбек Қазбектің мәліметінше тауар таңбасында жиі кездесетін жапырақ бейнелері, иероглифтер немесе медицинаға қатысты символдар да әрдайым ресми мағынаға ие бола бермейді. Егер белгішеде сертификат туралы ақпарат немесе аккредиттелген орган көрсетілмесе, ол ресми экологиялық маркировка болып саналмайды.

Импорттық тауарлардағы жапсырмалар заңды ма

Қазақстанда және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қабылданған техникалық регламенттерге сәйкес, тауар туралы міндетті ақпарат қазақ және орыс тілдерінде ұсынылуы тиіс. Шетел тіліндегі мәліметтерді жапсырма арқылы аударып беру заңға қайшы емес, алайда ол: анық әрі оқуға жеңіл болуы, бастапқы мәліметтерді бұрмаламауы, тұтынушыны адастырмауы қажет. Өйткені қате немесе жалған ақпарат беру тұтынушы құқықтарының бұзылуына әкелуі мүмкін.

«Қазақстанда өндірілген» деген жазу нені білдіреді

Ведомство мәліметінше, қолданыстағы нормаға сәйкес «Қазақстанда өндірілген» деген белгі өнімнің міндетті түрде барлық кезеңі ел ішінде жүзеге асқанын білдірмейді. Бұл жазу кей жағдайларда тауардың елімізде тек құрастырылғанын немесе қапталғанын көрсетуі мүмкін. Сондықтан тұтынушыларға өнімнің шыққан елі мен өндіруші туралы мәліметтерге мұқият назар аудару ұсынылады.

Тұтынушыға қандай ақпарат берілуі тиіс

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес, сатушы тауар туралы толық әрі шынайы ақпарат беруге міндетті. Бұл мәліметтерге тауардың атауы, құрамы, шығу елі, сәйкестік белгісі, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары және қауіпсіз пайдалану жөніндегі нұсқаулықтар кіреді.

Оқу үшін