NoFake

CTS LRT жолындағы қарды қолмен тазалауға қатысты түсінік берді

Фото: gov.kz

Желіде Астанадағы LRT жолдарын жұмысшылардың қолмен тазалап жатқан видеосы тарады. Бұл кадрлар желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, қыс мезгілінде нысанға қалай қызмет көрсетілетіні туралы сұрақтар туындатты.

Тұрғындар елорданың қатал ауа райын, қалың қар мен қатты желді алға тартып, биікте орналасқан инфрақұрылымның тиімділігіне күмән келтірді. «City Transportation Systems» ЖШС баспасөз қызметі бұл жағдайға байланысты түсініктеме берді. Компания өкілдері бұл шараны сынақ кезеңіндегі уақытша амал деп атады.

Фото: Скрин видеодан

«Байланыс және дабыл жүйелерін тексеру жұмыстарына байланысты арнайы техниканы қолдану ұсынылмайды. Сондықтан қар қолмен тазаланып жатыр. Тексеріс аяқталған соң тазалау жұмыстары арнайы техникамен және үрлеу әдісімен жүргізіледі. Сынақ жұмыстары кестеге сай өтіп жатыр. Медиативтік келісім жасалды. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін LRT желісіндегі барлық конструкциялар мен желі бойын тазарту жұмыстарына бақылау күшейтілді. Пайдалануға берілгеннен кейін жобаға сәйкес жерасты өткелдерінің ішінде оң температураны сақтау қарастырылған», — деп мәлімдеді CTS.

Елорда әкімдігі бұған дейін жоба кестеге сай іске асып жатқанын және жолаушылар тасымалы көктемде басталатынын хабарлаған еді.

Оқу үшін