Бүйректе “құм” бар — диагноз ба, миф пе

Тас біртіндеп түзіледі: алдымен тұз бен микролит пайда болады, кейін олар бірігіп тасқа айналады. Республикалық нефрологияны үйлестіру орталығының басшысы Венера Алтынова «бүйректе құм бар» деген сөзге салғырт қарауға болмайтынын ескертті.
Бұл тақырыпты қозғауға мына мәселе түрткі болды. Әлеуметтік желіде өзін нефролог-дәрігер ретінде таныстырған қолданушы бүйректегі құмға қатысты жазба жариялады:
«Егер бүйректі УДЗ-ге түсіргеннен кейін қорытындыда “бүйректе құм, микролит, кристалл, тұз бар немесе бүйрек кальцификациясы” деп жазылса, ондай УДЗ қорытындысына сенудің қажеті жоқ. Бүйректе не тас бар, не тас жоқ — тек осындай диагноз қойылады», – деген.
Редакция бұл пікірдің қаншалықты негізді екенін білу үшін нефролог дәрігерлерге хабарласты.

Республикалық нефрологияны үйлестіру орталығының басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты, нефролог, трансплантолог Венера Алтынованың айтуынша, бүйректегі құм немесе микролит түбі тасқа айналады.
«Несеп-тас ауруы (уролитиаз) — бұл бүйректе және несеп шығару жүйесінің басқа ағзаларында тастың (конкременттердің) түзілуімен сипатталатын созылмалы ауру. Бүйректің ультрадыбыстық зерттеуінде (УДЗ) несеп тұздарының (құмның), кристалдардың, микролиттердің, кальцификаттардың және конкременттердің болуы сияқты өзгерістер анықталуы мүмкін. Мұндай өзгерістер анықталған жағдайда науқасты нефролог пен урологқа жолдау қажет. Бүйректің УДЗ-сында құм немесе микролиттердің анықталуы – бұл аурудың бастапқы кезеңін, яғни тас түзілу сатысын көрсетеді. Бұл кезде ерте араласу мен ем тағайындау арқылы тастың түзілуін болдырмауға мүмкіндік бар», — дейді нефролог, трансплантолог.
Қазақстанның бас нефрологы Салтанат Туғанбекова да ультра дыбыстық зерттеу кезінде анықталған өзгерістерге бей-жай қарамай, профильдік маманға жүгіну керектігін ескертті.
«Бұл – ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) қорытындысындағы белгілер. «Бүйректегі құм» деген – нақты диагноз емес, ол тек УДЗ-де байқалатын ультрадыбыстық белгілер ғана. Бірақ бұл белгілердің барлығы ауру дамуының бір бөлігі болуы мүмкін, сондықтан мұндай қорытындыны дәрігер маманы шығарады. Мұндай мәселелер кәсіби емес алаңдарда талқыланбауы керек. Себебі медициналық шешімдер нақты хаттамалар мен дәрігердің білім-білігіне негізделеді. Сондықтан осындай қорытынды алған әр адам профильді маманға — нефролог немесе урологқа жүгінуі тиіс», — деп пікір білдірді.
Бұл неге маңызды?
Мамандар пікіріне сүйенетін болсақ, бүйректе «тас бар немесе жоқ» деп қана қарастыруға болмайды. Тастар біртіндеп түзіледі: алдымен тұз кристалдары мен микролиттер пайда болады, кейін олар бірігіп нақты тасқа айналады. УДЗ осы белгілерді ерте анықтай алады. Бұл дәрігерге тас түзілу қаупін бастапқы кезеңде бағалауға мүмкіндік береді. Дәрігердің ұсынымдарын дер кезінде орындау арқылы аурудың дамуын тоқтатуға немесе алдын алуға болады.
Мамандардың айтуынша, адамдар бүйрек ауруларын емдегенде мынадай қателіктер жібереді:
Өздігінен ем қабылдау немесе әлеуметтік желідегі «онлайн кеңесшілерге» сену;
Дәрігердің ұсынымдарын елемеу;
УДЗ нәтижесін жоққа шығарып, тексеруден өтпеу.
Осының салдарынан ауру өршіп, бүйректе тас түзілуі мүмкін. Мұндай қорытынды алған науқас міндетті түрде нефролог немесе уролог маманына қаралуы керек. Дәрігер ғана нақты диагноз қойып, ем мен алдын алу тактикасын анықтай алады.


