Биометриялық мәліметтерді қалай қорғаймыз — вице-министр түсіндірді

Фото: Depositphotos
Дмитрий Мун киберқауіпсіздікті күшейтетін «Nomad Guard» платформасы мен жаңа биометриялық талаптар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
«Nomad Guard» және кибергигиена
Вице-министр орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру — кибершабуылдарға қарсы тұрудың ең тиімді жолы екенін атап өтті.
«Қазіргі таңда eGov Mobile қосымшасында «Nomad Guard» платформасы жарияланды. Бұл ресурс азаматтардың кибергигиенасын жақсартуға және цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған. Платформа арқылы халық жеке деректерді қай жерде қалдыруға болатынын, ал қай кезде сақ болу керектігін үйренеді. Сондай-ақ, бұл жерде бұзылу қаупі төнген немесе хакерлік шабуылға ұшыраған жүйелер туралы ақпарат жарияланып тұрады», — деді Дмитрий Мун.
Бақылау мен биометрия: Қауіпсіздіктің жаңа деңгейі
Платформадан бөлек, вице-министр жеке деректердің таралып кетуін болдырмау үшін енгізілетін техникалық талаптарды таныстырды. Оның айтуынша, ірі деректер базасына иелік ететін компаниялар үшін бақылау күшейтіледі.
«Біз жеке деректерге қол жеткізуді бақылау сервисін және міндетті биометрияны енгізуді пысықтап жатырмыз. Бұл ірі көлемдегі деректермен жұмыс істейтін компаниялар үшін міндетті болады. Әрбір сұраныс кезінде биометрия арқылы тұлғаның кім екені расталуы тиіс», — деді вице-министр.
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше eGov Mobile-дағы жеке кабинет арқылы азаматтар өз деректеріне кімдердің, қашан сұраныс жібергенін қадағалай алады. Егер деректер таралып кетсе, бұл жүйе оның қай жерден кеткен болуы мүмкін екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Цифрлық кодекске енетін өзгерістер
Дмитрий Мун бұл жаңашылдықтардың барлығы жаңа «Цифрлық кодексте» бекітілетінін айтты. Оның пікірінше, бұл шаралар киберкеңістіктегі құқық бұзушылықтардың алдын алып, азаматтардың өз ақпаратына иелік ету құқығын қорғайды.


