NoFake

Банкоматта бейтаныс адамға көмектесудің қаупі қандай — ІІМ түсіндірді

дроппер

Фото: Depositphotos

Елімізде дропперлік белең алып келеді. ІІМ өкілі Бейбіт Біржанов азаматтарды байқаусызда қылмыскерге айналдыратын әдістерді атады, деп хабарлайды nofake.kz/.

«Сыйақы» ұсыну – басты тұзақ

Бүгінде алаяқтар көшеде немесе банкомат маңында кез келген адамға жақындап, «телефоным сынып қалды» немесе «картам істемей тұр» деген сылтаумен көмек сұрайды. Олар қолма-қол ақша беріп, оны басқа біреудің шотына аударуды немесе керісінше, сіздің шотыңызға ақша салып, оны қолма-қол шешіп беруді өтінеді.

ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті Басқарма бастығы Бейбіт Біржанов бұл схеманың қауіптілігін түсіндіріп өтті.

«Дропперліктің бүгінгі таңда көп тараған түрлері, яғни банкоматтың қасында сізге бейтаныс тұлға келіп, өтініп, ұялы телефон сынып қалуына байланысты немесе неше түрлі сылтауларды тауып, сіздерге фиат ақшасын, яғни қағаз жүзіндегі ақшаны беріп, үшінші бір тұлғаларға аударуды сұрауы мүмкін. Бұл ретте ақша аударымдарын жүзеге асырған тұлға ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады», — деді басқарма батсығы.

«Қате аударым» тактикасы

Тағы бір айлакерлік тәсіл – сіздің картаңызға кенеттен ақша түседі. Артынша бейтаныс біреу хабарласып, қателескенін айтып, ақшаны басқа бір үшінші тұлғаның шотына жіберуді өтінеді.

«Есепшотқа бейтаныс адамнан ақша түскен бетте сізге хабарласып: «Кешіріңіз, қателесіп кетіппін, сол ақшаны үшінші тұлғаға өткізіп жіберсеңіз, өзіңізге сыйақы қалдырыңыз», – деуі мүмкін. Сол ақшаны үшінші тұлғаға жолдаған жағдайда, сіз қылмыстық схеманың мүшесі ретінде таныласыз», – деп ескертті маман.

Бөтен шоттан ақша түссе, не істеу керек

Маманның айтуынша, кез келген күмәнді аударымды үшінші тұлғаларға жіберу – қылмыстық ақша айналымына қатысу деген сөз. Мұндай жағдайда тек ресми банк қызметіне жүгіну қажет.

«Егер шотыңызға бейтаныс тұлғалардан ақша түссе, міндетті түрде оны дәл сол келген иесіне қайтаруға әрекет жасау керек. Банк қызметкеріне немесе сервис орталығына хабарласып: «Бұл қате аударым, бұны бұғаттап, ақшаны иесіне қайтаруды өтінемін», – деп өтініш тастау қажет. Сонда ақша иесіне заңды түрде қайтады», — дейді Бейбіт Біржанов.

Дропперлік қызметке тартылған азаматтар, тіпті оны білмей жасаса да, заңсыз төлем құралдарының айналымы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, банк шоттары өмір бойына бұғатталуы мүмкін.

Оқу үшін