NoFake

Баланы сыни ойлауға қалай үйретеміз — Cарапшылар түсіндірді

VS 7.jpg

Фото: Unisef.org

Балалар интернетте күн сайын сан алуан ақпаратқа кезігеді. Сондықтан оларды шектеуден гөрі, сыни ойлау мен медиа-сауаттылыққа үйрету маңызды, деп хабарлайды nofake.kz/.

Зерттеулерге сәйкес, балалар мен жасөспірімдер де ересектер сияқты фейк ақпараттың ықпалына тез түседі. Психолог Самал Самарханқызының айтуынша, баланың интернеттегі жалған ақпаратқа тез сеніп қалуына үш негізгі фактор әсер етеді.

«Біріншісі, балалық танымның ерекшелігі. Қалыптасу кезеңіндегі балаларда өзгені идеалдандыру басым болады. Олар ересектердің өтірік айтуы немесе әділетсіздігін қабылдай алмайды. Бұл – баланың әлемді қабылдау ерекшелігі мен аңқаулығына байланысты. Екіншіден, таным аясы тар болғандықтан, бала интернеттегі ақпаратты таратушы адамның сенімді не сенімсіз екенін ажырата алмайды. Үшіншіден, өмірлік тәжірибе мен білімнің аздығы. Баланың дүниетанымы әлі толық қалыптаспаған, сондықтан ол «авторитетке» мұқтаж. Егер ата-ана немесе мұғаліммен ашық қарым-қатынас болмаса, бұл рөлді интернет атқаруы мүмкін. Балаға ақылдасатын, сұрақ қоятын, қолдау алатын ересек адам керек. Ондай байланыс болмаған жағдайда, ол ақпарат пен жауапты интернеттен іздейді», – дейді психолог Самал Самарханқызы.

Сыни ойлау бірден қалыптаспайды. Балалардың ойлау жүйесі кезең-кезеңімен дамиды:

Дети 02 (1)
Коллаж: nofake.kz/.

Сондықтан бала үшін ақпаратты терең талдау – күрделі процесс.

Ал балалар психологы Ақгүл Құсайынның айтуынша, манипуляцияны бірден тану үшін бала өз әлеміне қанық болуы керек.

«Ата-ана мен мұғалім жасөспірімге «сен» немесе «сенбе» демей, ақпаратты бағалауды үйретуі керек. Өзін бағалайтын, сезімін тани алатын және жеке кеңістігі құрметтелген бала манипуляцияны тез ажыратады. Сондықтан «біреу айтты» дегеннен гөрі, «сен өзің қалай ойлайсың?» деген көзқарасты қалыптастыру маңызды», — дейді маман.

Психологтың айтуынша, жасөспірімдердің интернеттегі ақпаратқа көбірек сенуінің себептері олардың жас ерекшелігімен тікелей байланысты.

«Жасөспірімдер өздерін көрсету үшін кейде ата-анасына қарсы шығады. Бұл кезеңде олардың орнын жақын достары басады, сондықтан сенімді олар көбіне өздерімен бірдей тәжірибесі бар достардан іздейді», -дейді психолог.

Фактчекер журналистер қолданылатын, балаларға да бейімдеуге болатын практикалық тәсілдерді ұсынамыз.

Факт пен пікірді ажыратуға үйрету. Бала мына айырмашылықты түсінуі тиіс: Факт – тексеруге болатын, дәлелге сүйенетін ақпарат; Пікір – адамның жеке көзқарасы немесе бағасы. Мұны ойын арқылы дамыту тиімді:

Күн күндіз шығады — факт.

Балмұздақ ең дәмді тағам — пікір.

Мысықтың құйрығы бар — факт.

Көк түс қызыл түстен әдемі — пікір.

Фактчекерлер тәжірибесінде  «неге?» деген сұрақты қою негізгі әдістердің бірі. Баладан да өз жауабын дәлелдеуді сұраңыз.

Ақпарат көзін тексеру дағдысын қалыптастыру. Фактчек журналистер кез келген мәліметті мына сұрақтар арқылы бағалайды: «Бұл ақпараттың авторы кім, ол осы тақырыпта маман ба? Бұл дерек басқа сенімді көздерде бар ма?» Бұл сұрақтарды балаға да үйретуге болады. Ақпаратты бірге талдау қажет.

Балаңызбен бірге: «Бұл неге шын немесе жалған болуы мүмкін?» деп ой жүгіртіңіз; «Бұл ақпарат кімге пайдалы?» деген сұрақ қойыңыз; Баланың өз пікірін айтуына мүмкіндік беріңіз.

Сұрақ қою мәдениетін дамыту. Фактчек журналистикада сұрақ қою – басты құрал. Бала да мына сұрақтарды қоюға үйренуі тиіс: Сен мұны қайдан білдің? Бұл дереккөзге неге сенуге болады? Тағы қандай нұсқа болуы мүмкін?

Әлеуметтік желілердің алгоритмін түсіндіру. Әлеуметтік желілер шындықты емес, эмоция тудыратын контентті  жиі алға шығарады. Бұл балаларға арнайы түсіндіруді қажет етеді. Баланың интернеттегі ақпаратқа сын көзбен қарауы – тыйым салу арқылы емес, түсіндіру, талдау және ашық диалог арқылы қалыптасады. Психологтар баланың жас ерекшелігін ескеруге шақырса, фактчекер журналистер нақты құралдар мен сұрақ қою мәдениетін ұсынады. Екеуінің үйлесімі – баланы жалған ақпараттан қорғаудың ең тиімді жолы.

Оқу үшін