Баланы севоранмен ұйықтатып емдеу қаупі қандай — мамандар түсіндірді

Коллаж: nofake.kz/
2024 жылы 30 қазанда Астанада үш жастағы бүлдіршін қаладағы стоматологиялық клиникалардың бірінде «Севоран» анестезиясымен бірден 18 тісін емдеу кезінде көз жұмды. Алматыда да жуырда дәл осындай наркозбен ем алған 3 жасар бала қайтыс болды. Аталған жағдайлар қоғам тарапынан анастезияға қатысты сұрақтарды көбейтіп, сенімді азайтты. Осыған байланысты nofake.kz/ редакциясы бұл анестетиктің қауіптері және жалпы наркоздың қолданылу негізділігі туралы мамандардан сұрады.

Бүгінгі таңдағы белең алып кеткен «баланы ұйықтатып көп тісін емдеу» тенденциясына қатысты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова пікір білдірді.
«Жалпы анестезия – бұл жай ғана «ыңғайлы әдіс» емес, өте сақтықты қажет ететін процедура. Ұзақ уақыт наркозда болу және бірден көп тісті емдеу баланың жүрек, тыныс алу және жүйке жүйесіне қауіп тудыруы мүмкін. Өкінішке қарай, кейбір клиникалар ата-аналарға «барлық тісті бірден емдейміз» деп коммерциялық тұрғыдан тиімді нұсқаны ұсынады. Бірақ мұндай тәсіл тек нақты медициналық себептер болғанда және тексерумен расталғанда ғана дұрыс. Ата-аналарға өте мұқият болуды кеңес беремін», – деді министр.
Бұрын наркозбен тек диагнозы бар балаларды емдеген
Осы орайда бүгінгі таңда жарнамасы жер жаратын «Севоран» препаратының бала ағзасына әсері жайлы тіс емдеу саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тіс дәрігерлерінен білдік. Стоматолог, терапевт Әсел Егізбекова бұрын наркозбен психологиялық ауытқуы бар балаларды емдейтін болған дейді.
«Негізінде, наркозбен емдеудің көрсеткіші – кариес пен оның асқынуларынан қатты зақымданған тістердің көп болуы және баланың жергілікті жансыздандырумен емделуге психологиялық тұрғыдан дайын болмауы. «Ұйқыдағы» тіс емдеу әдісі стоматологтардың тәжірибесіне бұрыннан бар. Бірақ ол кезде стоматологиялар ірі медициналық орталықтар мен стационарлар жанында орналасқанмен толықтай мемлекеттік меншікте еді. Мұндай көмек, негізінен, өз мінез-құлқын басқара алмайтын, ем кезінде тыныш отыра алмайтын, ауызын ұзақ уақыт ашып ұстай алмайтын(мүмкіндігі шектеулі, психологиялық ауытқуы бар, мүгедектігі бар, БЦС диагнозы бар) балаларға көрсетілетін», — деді дәрігер.
Мамандар көп жағдайда ата-аналардың көбісі баласының тіс ауруларын асқындырып алып, кариес 10-15 тісін зақымдағаннан кейін ғана емдеуге келетінін айтады. Стоматолог Жанат Асылбекованың айтуынша кейде наркоз — емдеудің жалғыз мүмкін жолы. Мұндай жағдайда Севоранның кейбір артықшылықтары оны таңдауға себеп болады.
«Севоран – балаларға арналған ең қауіпсіз және зерттелген ингаляциялық наркоздардың бірі: қанға нашар еритіндіктен өте тез әсер етеді. Дәрігер анестезия деңгейін оңай басқара алады. Препараттың әсері тез тоқтайды. Тамырға катетер қоюдың қажеті жоқ. Балаларға психологиялық тұрғыдан жеңілірек өтеді», -дейді тіс дәрігері.
Сонымен қатар, маманның айтуынша «Севоран» анестезия тереңдігін тез реттеуге мүмкіндік береді. Ағзаға ингаляция арқылы енгізілетіндіктен, балалар мұндай наркозды әлдеқайда жеңіл көтереді.
«Алайда анестезия тек арнайы жабдықталған және лицензиясы бар клиникаларда жүргізілуі тиіс. Онда міндетті түрде: наркоз-тыныс алу аппараты (капнографиямен), өмірлік көрсеткіштерді үздіксіз бақылау, тәжірибелі балалар анестезиологы, шұғыл көмекке арналған дәрілер болуы керек», — дейді терапевт.
«Севоранмен» нақты неше тіс емдеуге болады?
Ортодонт Айжан Егізбекова жалпы анестезия арқылы тіс емдемес бұрын баланы міндетті түрде толық тексеру керектігін ерекше атап өтті. Жедел тыныс жолы инфекциялары – наркозға қарсы көрсетілім. Анестезия арқылы бір мезгілде қанша тіске дейін емдеуге болады деген сауалға дәрігер төмендегідей жауап берді.
«Бұл нақты регламенттелмеген. Тіс саны – баланың жағдайы мен емдеу жоспарына байланысты анықталады. Дәрігерлер бір сеанста баланың ауыз қуысын мүмкіндігінше толық емдеуге тырысады, бірақ тек қауіпсіздік шегінде», — деп атап өтті ортодонт.
Айта кетейік, еліміздің Бас дәрігерінің айтуынша қазіргі таңда Бас прокуратураның талабына сәйкес, еліміздегі 622 стоматологиялық ұйымға қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізілуде. Бүгінгі жағдай бойынша: 290 тексеру тіркелді, 135 аяқталды, 103 – жұмыс барысында, 52 – тіркеуден алынған (клиникалар іс жүзінде жұмыс істемейді), 26 – тіркеу сатысында.


