NoFake

Кәсіпкерлер айтпайтын құпия: Сыйлық сертификаты «күйіп» кете ме

Фото: Depositphotos

Көптеген қазақстандықтар сыйлық картасындағы мерзім өтсе, ақша жойылады деп ойлайды. Nofake.kz заңнаманы зерттеп, мұның қате екенін анықтады.

№1 миф: Сертификатта көрсетілген жарамдылық мерзімі түпкілікті және оған шағым жасау мүмкін емес.

Бұл жалған. Заң тұрғысынан сертификат сатып алу — бұл сіз болашақта таңдайтын тауар үшін жасалған аванстық төлем.

ҚР Азаматтық кодексінің 953-бабы («Негізсіз баю»):  Егер дүкен ақшаны алып, бірақ тауарды бермесе (тіпті картадағы мерзім өтіп кетсе де), ол бұл қаражатты қайтаруға міндетті. Сіздің ақшаңызды қызмет көрсетпестен ұстап қалуды заң негізсіз баю деп таниды.

ҚР Азаматтық кодексінің 178-бабына сәйкес Қазақстанда талап қоюдың жалпы мерзімі – 3 жыл. Пластик картада не жазылғанына қарамастан, осы уақыт ішінде сіз өз ақшаңызды немесе тауарыңызды талап етуге толық құқылысыз.

ҚР Азаматтық кодексінің 383-бабы: Шарт тараптар үшін міндетті, заңмен белгіленген ережелерге сәйкес келуі тиіс. Дүкеннің «ішкі ережелері» Кодекстен жоғары тұра алмайды.

№2 миф: Артық сома дүкенге «сыйға» тартылады

Бұл да жалған. Мысалы сертификат 50 000 теңгеге, ал сатып алған тауарыңыз 45 000 теңге делік. Сатушы: «Қалдығы жойылады немесе осы сомаға тағы бірдеңе алыңыз», — дейді.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 8-1-бабы: Сатушыларға тұтынушының құқықтарын бұзатын немесе шектейтін шарттар қоюға тікелей тыйым салады. «Қайтарым (сдача) берілмейді» деген шарт – заңсыз.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 28-бабы 1-тармағы:Тұтынушы тауарды еркін таңдауға құқылы. Номиналды толтыру үшін қажет емес заттарды сатып алуға мәжбүрлеу – заң бұзушылық. Дүкен не қайтарымды беруге, не қалдықты келесі жолы пайдалану үшін сақтап қоюға міндетті.

Сарапшы пікірі

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мамандары өз қаражатын қайтару мәселесінде заң әрқашан сатып алушы жағында екенін айтады.

«Егер дүкен заң талаптарын орындаудан бас тартса, сатып алушыға жазбаша шағым түсіруге, қажет болған жағдайда eOtinish, тұтынушылар порталы арқылы немесе тікелей сотқа шағымдануға кеңес беріледі. Егер клиент өз талаптарын сауатты рәсімдеп, нормативтерге сүйенсе, мұндай даулар әдетте сотқа дейінгі тәртіппен шешіледі», — деп ескертті Еркебұлан Тагашов.

Кассада ақшаны қайтармаса не істеу керек?

1. Бас тартуды тіркеңіз: Пікірлер мен ұсыныстар кітабын талап етіңіз. Өз жазбаңызды және сертификаттың өзін суретке түсіріп алыңыз.

2. Шағым түсіріңіз: Дүкен директорының атына ресми хат жазыңыз. Заң бойынша жауап беру мерзімі —  10 күнтізбелік күн.

3. Мемлекеттік органдарға жүгініңіз: Егер дүкен сізді елемесе, e-Otinish порталы арқылы шағым түсіріңіз.

Сыйлық сертификаты – дүкенге жасалған сыйлық емес, бұл сіздің жеке ақшаңыз. Маркетингтік айла-тәсілдердің кесірінен ақшаңыздың «күйіп» кетуіне жол бермеңіз.

Оқу үшін