NoFake

АҚШ Сенаты сексуалдық сипаттағы дипфейктерге қарсы DEFIANCE Act заңын мақұлдады

Фото: politico.com

АҚШ Сенаты рұқсатсыз жасалған сексуалдық сипаттағы дипфейктерден зардап шеккен азаматтарды қорғауға бағытталған DEFIANCE Act заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Nofake.kz.

Бұл құжат интернетте сексуалдық сипаттағы қудалауға (сталкингке) ұшырағандарға құқық қорғау органдарына талап-арыз беруге мүмкіндік береді.

Заң жобасы алғаш рет 2024 жылы әнші Тейлор Свифттің жалған интимдік суреттері тарағаннан кейін ұсынылған, бірақ Конгресс палатасында дауысқа салынбай кейінге шегерілген. Дипфейктердің көбеюіне байланысты биыл құжат қайта қаралып, Сенатта мақұлданды. Енді оған президент Дональд Трамп қол қоюы тиіс.

DEFIANCE Act бұған дейін қабылданған Take It Down заңын толықтырады. Ол жәбірленушінің келісімінсіз жарияланған интимдік суреттерді жоюды қарастырады және оларды таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартады.

Соңғы 2–3 жылда интернеттегі дипфейктер күрт көбейген. Жасанды интеллекттің дамуы фотосуреттер мен видеоларды генерациялау арқылы жалған контент жасау жеңілдеді. Өкінішке қарай, оны теріс мақсатта пайдаланатындар да көбейіп отыр. Әсіресе, азаматтардың ар-намысына нұқсан келтіретін материалдар X платформасында (Илон Маскке тиесілі) белең алып отыр.

SecurityLab пен Euronews мәліметінше, X платформасындағы Grok чат-боты пайдаланушылардың заңсыз сұраныстарын орындаған, оның ішінде әйелдерді сексуалдық сипаттағы позада көрсету әрекеттері тіркелген. Бұл балалар үшін де қауіпті. Ұлыбритания интернет қауіпсіздігін бақылау мақсатында X платформасына қатысты тергеу бастады. Қоғамдық наразылықтан кейін Grok чат-боты суреттерді жасау және өңдеуді шектеп, тек ақылы жазылушыларға қалдырған.

Оқу үшін