Ақмола облысында жалған мемлекеттік нөмірмен жүргендер ұсталды

Фото: Видеодан скрин
Ақмола облысында «Жалған нөмір» жедел іс-шарасы өтіп жатыр. Мақсат – жалған мемлекеттік нөмірлерді анықтау, деп хабарлайды nofake.kz/.
ҚР Ішкі істер министрлігінің ведосмстволық сайтының хабарлауынша полиция қызметкерлері Астана — Қарағанды — Алматы автожолының 1291-ші километрінде көлік құралын тексеру кезінде заңбұзушылықты анықтады. Әрекеттегі полиция көлікке назар аударып, оның ақылы жол терминалы арқылы өтпек болғанын байқап, тексеру жүргізді. Нәтижесінде, көлік құралында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері орнатылғаны белгілі болды. Бұл әрекетпен жүргізуші өзіне қатысты әкімшілік жауапкершіліктен жалтаруды көздеген.
22 жастағы жүргізуші өз шынайы мемлекеттік нөмірінде 170 мың теңге қарызы болғанын айтып, осы себепті жалған нөмірлерді қолдануға мәжбүр болғанын түсіндірді. Құқықбұзушылық анықталып, жүргізуші жауапқа тартылды.
Ал екінші оқиға сол күні осы жолдың 1305-ші километрінде орын алды. Патрульдік полиция қызметкерлері жүк көлігін тексеріп, көліктің нөмірі арнайы құрылғылармен жабдықталғанын және нөмірді жасыруға бағытталғанын анықтады. Жүргізуші де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция жалған немесе жасырын мемлекеттік нөмірлерді қолданудың ауыр заңбұзушылық болып табылатынын және мұндай әрекеттер әкімшілік жазаға әкеп соғатынын ескертеді.


