NoFake

Ақмола облысында жалған құжатпен әскерден босатпақ болған медқызметкер тергелуде

Фото: Depositphotos

Ақмола облысында әскерге шақырылғандарға көмектесуді уәде етіп, алаяқтық жасады деп күдіктелген медицина қызметкеріне қатысты үш қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды NoFake.kz.

17 наурызда елорда маңындағы аудандардың бірінде полиция бөліміне бірден үш арыз түсті. Арызданушылардың айтуынша, өткен жылдың соңында бір ер адам өзін медицина қызметкерімін деп таныстырып, әскерден босататын «қажетті» диагноз қойып беруге уәде берген.

Күдікті зардап шеккендерден жалпы жиынтығы 1 200 000 теңгеден астам ақша алған. Алайда ақшаны алғаннан кейін ол уәде еткен құжаттарды бермеген, ақшаны да қайтармаған. Содан соң азаматтар құқық қорғау органдарына жүгінген.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция күдіктіні анықтады. Ол жергілікті медициналық пункттердің бірінде жұмыс істейді екен. Қазіргі уақытта үш дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ оның басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Бұған қоса, тергеу барысында арызданушылардың іс-әрекетіне де құқықтық баға беріледі. Өйткені әскери қызметтен заңсыз жолмен қашуға тырысудың да жауапкершілігі бар.

Құқық қорғау органдары әскери қызмет мәселесін ақшамен шешузаңсыз екенін ескертеді. Мұндай ұсыныстардың артында көбіне алаяқтар тұрады. Жемқорлыққа тіпті «клиент» ретінде қатысудың өзі әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

Полиция азаматтарды сақ болуға және мұндай жағдайлар туралы дереу хабарлауға шақырады.

Оқу үшін