Адам және алгоритмдер: ЖИ сыни ойлау қабілетіне қалай әсер етеді

Фото: Depositphotos
Жасанды интеллектіні қолдану ой қорытуға, ақпаратты тексеруге және өз бетінше қорытынды жасауға қалай ықпал ететіні туралы төмендегі материалдан оқыңыз.
Жасанды интеллектке негізделген цифрлық құралдар біз үшін үйреншікті дүниеге айналып келеді. Олар ақпарат іздеуді жеделдетеді, көлемді деректермен жұмысты жеңілдетеді және уақытты үнемдейді. Алайда мұндай технологиялар адамның өздігінен ойлау және ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау қабілетіне қалай әсер ететіні жөніндегі сұрақ әлі де ашық күйінде қалып отыр. Бұл мәселені түсінуге nofake.kz/ тілшісіне Мақсұт Нәрікбаев университетінің «Сыни ойлау» курсының оқытушысы Любовь Сартакова көмектесті.
Оның айтуынша, жасанды интеллектінің ықпалы ең алдымен нақты адамның аналитикалық дағдыларының қаншалықты қалыптасқанына байланысты. Егер адамның дереккөздерді тексеру, қорытындыларға күмән келтіру және білімге сүйену әдеті болса, ЖИ қолдану талдау тәсілін өзгертпейді. Ал адам бойында мұндай дағдылар болмаған жағдайда, оның әсері теріс болуы мүмкін.
«Егер талдау дағдылары жеткілікті дамымаған, сенгіштікке және мистикалық ойлауға бейім адам туралы айтсақ, ЖИ жаңа білімді саналы түрде меңгеру қабілетінің дамуын тежей алады. Сондықтан жасанды интеллектіні біржақты жақсы немесе жаман деп айтуға болмайды. Барлығы салыстырмалы», — дейді маман.
Туындауы мүмкін қауіптер туралы айта отырып, Любовь Сартакова ЖИ-дің өзі интеллектуалдық қызметке тікелей қауіп төндірмейтінін атап өтті. Нейрожелілер деректерді іздеу, ақпаратты өңдеу немесе техникалық тапсырмаларды орындау үшін қолданылғанда, бұл дағдылар жоғалмайды. Мұндай жағдайда ChatGPT сияқты құралдар жұмысты жеңілдетіп, уақыт үнемдеуге көмектеседі. Алайда оны тұрақты қолданудың қауіпті тұстары да бар.
«Адам ақпаратты бағалау, мағыналық реңктер мен контексті іздеу сияқты міндеттерді ЖИ-ге жиі жүктей бастаса, уақыт өте келе бұл қабілеттер әлсірейді. Сонымен қатар жасанды интеллект адам ойлауының толық баламасы емес. Ол ықтималдық есептеулерге сүйенеді және мүмкін мен мүмкін еместі толық ажырата алмайды. Сондықтан ғылыми білім жасамайды, тек ең ықтимал жауаптарды қайта өндіреді», — деп түсіндірді маман.
Сыни ойлаудың әлсіреуін сарапшы технологиялармен емес, адамның өз ерекшеліктерімен байланыстырады. Адамдар көбіне ЖИ көмегінсіз-ақ терең талдауға сирек жүгінеді. Өйткені ол күш-жігерді, уақытты және ішкі тәртіпті талап етеді. Мұндай ойлау түрі тек ойлану нысанына ғана емес, қорытындылардың қалай қалыптасатынына да рефлексия жасауды көздейді. Сондықтан да, маманның айтуынша, бұл дағдыны жоғалту оңай.
«Метатаным – бұл өз ойлау үдерісің туралы ойлау. Мұндай процестерден қашу адам үшін ерекшелік емес, керісінше қалыпты жағдай. Күрделі ойлаудан жалтаруға бейімділік – трагедия емес, адам психикасының ерекшелігі. Көптеген адамдар өздерін логикалық және сыни ойлаймын деп есептейді, бірақ бұл әрдайым солай бола бермейді. Мұнда ЖИ-дің қатысы жоқ: адам миы бастапқыдан-ақ иррационалды, эмоцияларға, жеңілдетуге, иллюзиялар мен манипуляцияларға бейім», – дейді Сартакова.
Оны әсіресе мектеп оқушыларының жасанды интеллектіні жаппай қолдануы алаңдатады. Сарапшының пікірінше, жақын болашақта ЖИ зияткерлік қызметті толық алмастырмайды, алайда өз бетінше ойлай алатындар мен дайын жауаптарға үйреніп қалғандар арасындағы алшақтықты тереңдетуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар бұл мәселеге қазірден бастап назар аударуы маңызды.
«Мен балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға және аудиокітаптарға үйретуге кеңес беремін. Қазір көлемді классикалық мәтіндерді меңгеру көпшілікке қиын, ал қағаз кітаптар жиі қымбат тұрады. Ал сапалы әдебиет әзірге интернетте мәтіндік және аудиоформатта қолжетімді. ЖИ түпнұсқа дереккөздерді бұрмалаған жағдайлар тіркелген: дәйексөздерді өзгерткен, қысқартқан немесе түпнұсқа мәтіндерді алмастырған. Сондықтан тексерілген басылымдарды таңдау маңызды», – деп атап көрсетеді маман.
Білім беру мақсатында жасанды интеллектіні қолданғанда, оның айтуынша, ең бастысы – өлшемді сақтау. Әртүрлі ақпаратпен байланыс көкжиекті кеңейтіп, ойлаудың ашықтығын қалыптастыра алады, бірақ ЖИ-ге толықтай сүйенуге болмайды. Ол дербес ойлауды алмастырмайды, алайда тұжырымдарды нақтылау немесе ойды құрылымдау үшін көмекші құрал ретінде пайдалы болуы мүмкін. Сұрақ неғұрлым нақты қойылса, жауап та соғұрлым мазмұнды болады.
Технологиялық даму деңгейіне қарамастан, сыни ойлаудың негізі – ақпарат көзі мен оның шынайылығын бағалай білу. Бұл қабілет болмаса, кез келген дерек мәнін жоғалтады.
Маман тағы бір маңызды элемент ретінде адамның күмәндану, оның ішінде ең алдымен өз көзқарастары мен ұстанымдарына күмән келтіру қабілетін атап өтті. Мұндай тәсіл ол сенімдердің қайдан шыққаны және олардың қаншалықты негізделгені туралы өзіңе сұрақ қоюға дайын болуды талап етеді. Көптеген түсініктер адамның бала кезінде қалыптасып, кейін сирек қайта қаралады. Сондықтан ашықтық пен жеке пікірге сәйкес келмейтін көзқарастарды қабылдай білу ерекше мәнге ие.


