Алаяқтық несие рәсімделсе не істеу керек — Қаржы агенттігі түсіндіреді

Алаяқтар алдау тәсілдерін үнемі өзгертіп отыратындықтан, тіпті сақ адамдардың өзі де олардың қақпанына түсіп қалуы мүмкін. Ондай жағдайда не істеу керек, қайда жүгінген дұрыс деген сұрақтарға жауап алу үшін nofake.kz/ Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінді.
Агенттік ресми мәліметіне сәйкес атыңызға алаяқтық кредит ресімделсе, мына нақты алты қадамды жасау қажет:
- Дереу банкке немесе Микроқаржы ұйымына (МҚҰ) хабарлаңыз
Кредиттің алаяқтық жолмен ресімделгенін айтып кредиторға хабарласып, картаны, шотты және қосымшаны бұғаттауды, жүгіну фактісін тіркеуді талап етіңіз.
2. Полицияға хабарласыңыз
Полицияға(eGov, eOtinish немесе жеке барып) өтініш беріңіз. Банктің/Микро қаржы ұйымының атауын, кредит рәсімделген күнін, сомасын көрсетіңіз. Барлық дәлелдемені (SMS, алаяқтар қоңырау шалған нөмірлердің скриншоттары, хат-хабарлар, үзінді-көшірмелер) қоса беріңіз.
3. Процестік құжатты алыңыз
Полиция жәбірленуші деп тану туралы қаулыны (ҚПК-нің 71-бабы) немесе қылмысқа ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі шаралар қабылдау туралы ұсынуды (ҚПК-нің 200-бабы) беруге тиіс. Құжат тікелей кредиторға жіберіледі. Бұл құжат кредитордың пайызды (айыпақыны) есептеуін және қарызды өндіріп алуын тоқтата тұру үшін қажет.
4.Есептеулердің тоқтатыла тұрғанын тексеріңіз
Кредитор полиция құжатын алғаннан кейін күнтізбелік 3 күн ішінде: пайызды және айыпақыны (өсімпұл, айыппұл) есептеуді тоқтатуға; берешекті өндіріп алуды және талап-арыз жұмысын тоқтата тұруға міндетті.
5. Егер кредитор 4-тармақта көзделген шараларды қабылдаудан бас тартса, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгініңіз
Банктің/МҚҰ-ның бас тартуын және полицияның процестік құжатын тіркеп, шағымды eOtinish порталы арқылы жіберіңіз.
6. Берешекті негіздер болған жағдайда есептен шығаруға болады
Алаяқтық жолмен рәсімделген несие автоматты түрде есептен шығарылмайды. Бұл тек банк немесе МҚҰ тарапынан бұзушылық фактілері расталғанда, сондай-ақ полиция мен сот құжаттары болған жағдайда ғана мүмкін болады, деп көрсетілген ҚНРДА-ның ресми сайтында. Сонымен қатар, агенттік банк немесе МҚҰ міндетті талаптарды бұзса және полиция алаяқтық фактісін растаса, сот шешемінісіз де алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерді есептен шығаруға болатыны жайлы хабарлады.
Оған мынадай сипаттар негіз болуы мүмкін: онлайн-кредитті ресімдеу кезінде биометриялық идентификаттау жүргізілмесе; несие клиенттің қарыз алудан ерікті түрде бас тартқаны туралы белгісі бола тұра берілсе; несие берудің жас шектеулері бұзылса (21 жасқа жетпеген немесе 55 жастан асқан азаматқа рәсімделсе).
Қаржы ұйымы тарапынан несиені рәсімдеуде «шешім қабылдау кезеңі» сақталмаған, яғни ақша белгіленген уақыттан бұрын берілген жағдайда:
банкте 150 АЕК-тен жоғары сомаға (589 800 тг)және МҚҰ-да 75 АЕК-ке (294 900 тг) алғашқы тұтынушылық кепілсіз онлайн кредит беру жүзеге асырылса;
150-ден 255 АЕК-ке дейінгі сомаға банктік қарыз шарты жасалғаннан кейін және қарыз алушының келісімін алмай, 8 сағат бұрын берілсе,
255 АЕК-тен жоғары сомаға(1 002 660 тг ) – 24 сағат бұрын, 75 АЕК-тен астам сомаға микрокредит 24 сағат бұрын берілсе, несиені есептен шығару туралы мәселені көтеруге болады.
Көрсетілген шектеулер, клиент бір күн ішінде бірнеше онлайн-кредит ресімдесе де қолданылады. Бұл ережелер 2025 жылғы 30 қыркүйектен бастап қабылданған банктер тұтынушылық онлайн-қарыздарды рәсімдеу кезінде «салқындау кезеңін» сақтау туралы заңына байланысты сақталуы тиіс.


