NoFake

«Айыппұл салынды» деген SMS жібереді: Қазақстанда жаңа алаяқтық схемасы шықты

Фото: depositphotos

Абай облысы Полиция департаменті тұрғындарды сақ болуға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, елімізде интернет-алаяқтықтың жаңа түрі таралып жатыр, деп хабарлайды NoFake.kz.

Полицияның мәліметінше, алаяқтар азаматтардың ұялы телефондарына әкімшілік айыппұл салынғаны туралы SMS-хабарлама жібереді. Хабарламада айыппұлды тексеру немесе төлеу үшін сілтеме ұсынылады.

«Аталған сілтемелер ресми порталға ұқсас болып көрінгенімен, шын мәнінде бұл — жалған сайттар. Алаяқтар eGov порталының интерфейсіне ұқсатып арнайы беттер жасап, азаматтарды адастыруға тырысады», – деп хабарлады Абай облысы Полиция департаменті.

Ведомствоның атап өтуінше, мұндай сайттарда енгізілген деректерге қарамастан, жүйе автоматты түрде «айыппұл бар» деген жалған ақпарат көрсетеді. Бұл – қолданушылардың сеніміне кіру үшін жасалған тәсіл.

«Егер пайдаланушы «төлеу» батырмасын басса, сайт банк картасының толық деректерін сұрайды. Мұндай мәліметтерді енгізу азаматтардың қаражатының заңсыз шешіліп алынуына әкелуі мүмкін», – деп ескертті полиция.

Сондай-ақ департамент мемлекеттік органдар SMS арқылы жеке немесе банктік деректерді талап етпейтінін еске салды. Айыппұлдарды тек ресми платформалар арқылы тексеру қажет.

Оқу үшін