«Қазақтелеком» атын жамылған алаяқтар қалай алдайды

Коллаж nofake.kz/
Әлеуметтік желіде алаяқтар «Қазақтелеком» атын пайдаланып жеке тұлғалардың картасындағы ақшаларын аударып жүргені жайлы жазбалар жиіледі. Тіпті осыған қатысты бірқатар облыстың полиция департаменті ескерту жасады.
Мұндай кейстердің жиілеуінен кейін nofake.kz/. «Қазақтелеком» АҚ баспасөз қызметіне хабарласып, қандай жағдайда компания өкілдері хабарласатынын анықтап көрді.
«Қазақтелеком» абоненттерге растау кодтарын жібермейді және қызметкерлер WhatsApp арқылы жеке нөмірден қоңырау шалмайды. Өтінім мәртебесін білу үшін тек 160 қызметіне немесе ресми telecom.kz қосымшасына жүгіну қажет», — дейді компания менеджері Нели Макаренко.
2 минуттық әңгіменің құны – барлық жинақ
Жақында алаяқтық схемасының құрбаны болған азаматтың оқиғасы WhatsApp желісінде тарады. Хабарлама мазмұнына сәйкес, «Қазақтелекомнанбыз» деп хабарласқандар түрлі сұрақтар қойып, әңгімені әдейі 2 минутқа созған.
Нәтижесінде сөйлесу кезінде телефон қатып қалған. Құрылғыны қайта қосқанда, Kaspi және Halyk қосымшаларындағы барлық ақша Қырғызстандағы белгісіз карталарға аударылып кеткені белгілі болды. Мамандардың айтуынша, қаскөйлерге смартфонды бұғаттап, деректерді ұрлау үшін 1-2 минуттық қоңыраудың өзі жеткілікті болуы мүмкін.
Алаяқтардың әдісі
Айта кетейік, ұқсас алаяқтық схемасы туралы ШҚО полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы да хабарлап, азаматтарды сақ болуға шақырды.
«Қаскөйлер Қазақтелеком атынан жалған қоңыраулар шалу арқылы азаматтардың ақшасын ұрлауда. Абоненттік қолдау немесе тарифті өзгерту сылтауымен сілтеме арқылы өтіп, Қорғау-1 немесе басқа атаулармен AПК (файл атауы) кеңейтілімі бар қосымшасын жүктеуді сұрайды. Қосымшаны орнатқаннан кейін бағдарлама экранға және смске қолжеткізу мүмкіндігін береді. Нәтижесінде олар растау кодтарын алып, шоттар мен депозиттерге қол жеткізе алады. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз», — деді ШҚО полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Ильяс Бекпау.
Полиция қызметкерлері күмәнді сілтемелерге өтпеуді, тексерілмеген қосымшаларды орнатпауды және жеке деректерді бөліспеуді қатаң ескертеді.


