NoFake

Қазақстан түркі елдеріне кибершабуылдардан бірлесіп қорғануды ұсынды

Фото: Акорда

Әзербайжанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздік саласында ынтымақтастықты күшейту бастамасын көтерді, деп хабарлайды nofake.kz/.

«Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынамын. Бұл кеңес елдеріміздің іс-қимылын үйлестіріп, күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол цифрлық қауіпсіздікті дамыту мен осы саладағы байланыстарды нығайтуға ықпал етеді», — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, кибершабуылдар бүгінде шекара танымайтын жаңа жаһандық қауіпке айналды. Алматыда қыркүйек айында өткен киберқауіпсіздік конференциясының қорытындылары да бұл бағыттағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызын көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектінің (ЖИ) маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның стратегиялық мақсаты — толық «цифрлық мемлекетке» айналу екенін айтты.

«Жасанды интеллектіні кеңінен енгізу үшін біз білікті кадрлар даярлауды бастадық. Биылдың өзінде 400 мыңнан астам студент арнайы оқытудан өтті. Сонымен қатар ЖИ саласының мамандарын даярлайтын алғашқы зерттеу университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Түркі елдерінің жастары үшін осы оқу орнында білім алуға арнайы гранттар бөлінетін болады», — деді Президент.

Сонымен қатар Президент 2026 жылы өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арнап, оның қарсаңында жетекші сарапшылар қатысатын халықаралық конференция өткізуді ұсынды.

«Бұл орталық стартаптарды қолдап, бірлескен жобаларды дамытуға, жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға және венчурлық капитал тартуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын Астанада жақында ашылған Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығының базасында құруды ұсынды.

Оқу үшін