Масктың кемесі бөгдеғаламшарлықтарды алып келді ме: желідегі қауесетті тексердік

Коллаж: Liter.kz
Әлеуметтік желілерде АҚШ аспанында НЛО пайда болғаны және Илон Масктың ғарыш кемесі Жерге бөгдеғаламшарлықтарды алып келгені туралы қауесет тарап жатыр. Алайда бұл мәлімдемені растайтын сенімді дәлел жоқ. NoFake.kz SpaceX пен NASA мәліметтерін және желіде талқыланған видеолар туралы ақпаратты тексерді.

SpaceX не хабарлады?
SpaceX хабарламасында Starship кемесінің 15-сынақ ұшуының міндеттері көрсетілген. Жоспарда 26 Starlink V3 спутнигін орбитаға шығару және кемені ұшыру алаңына қайтару көзделген.
«Ұшу барысында кеме Жерді шамамен 275 шақырым биіктікте 14 рет айналып, ғарышта 22 сағаттан астам уақыт болады деп жоспарланған», – делінген компания хабарламасында. Ағылшын тілінен аударылды.
Бұл – сынақ миссиясының сипаттамасы. Компания хабарламасында бөгдеғаламшарлықтарды тасымалдау туралы мәлімет жоқ. Сонымен бірге оны желідегі қауесетке арнайы берілген жауап деп көрсетуге болмайды: SpaceX бұл құжатта ұшу жоспарын түсіндірген.
Аляскадағы жұмбақ видео нені көрсетеді?
Желіде талқыланып жатқан басқа видеода Алясканың Анкоридж қаласы аспанында медузаға ұқсас нысан көрінеді.
NDTV мәліметінше, видео авторы Сара Джейн Осборн оны маусымда кемпірқосақты түсіріп жүргенде жазып алғанын айтқан. Кадрлар қарашада әлеуметтік желіде қайта талқылана бастаған.
Басылым автордың мәлімдемелерін тәуелсіз түрде тексере алмағанын көрсетеді. Нысанның табиғаты мен оның әскери қызметке қатысы расталмаған. Материалда оны SpaceX кемесімен байланыстыратын дәлел де келтірілмеген.
Сондықтан бұл видеоны қарашадағы Starship миссиясымен байланыстырып, «Масктың кемесі бөгдеғаламшарлықтарды алып келді» деген тұжырым жасауға негіз жоқ.
НЛО бөгдеғаламшарлық кеме дегенді білдіре ме?
НЛО – анықталмаған ұшатын нысан. Бұл атау оның қайдан шыққаны немесе кімге тиесілі екені дәлелденді дегенді білдірмейді.
NASA түсіндірмесінде белгісіз құбылыстардың табиғатын анықтау үшін сапалы бақылау деректері қажет екені айтылған.
«NASA Жерден тыс тіршіліктің барын растайтын сенімді дәлел тапқан жоқ. Анықталмаған аномалиялық құбылыстардың да Жерден тыс шыққанын дәлелдейтін дерек жоқ», – деп көрсетілген агенттік сайтында. Ағылшын тілінен аударылды.
«Илон Масктың кемесі Жерге бөгдеғаламшарлықтарды алып келді» деген ақпарат расталмаған. SpaceX-тің сынақ миссиясы мен Аляскадағы белгісіз нысан туралы видео – бөлек оқиғалар. Оларды бір оқиғаның дәлелі ретінде көрсетуге негіз жеткіліксіз.


