«4 млн теңгені таксимен жібердік, қалғанын терминалға салдық»: астаналық отбасы алаяқтарға қалай алданды

Коллаж: NoFake.kz
Астаналық зейнеткер Ғабит пен оның жұбайы алаяқтарға сеніп, екі күнде 7,9 млн теңгесінен айырылған. Өздерін полиция мен ҰҚК қызметкерлері ретінде таныстырған қаскөйлер ерлі-зайыптылардың әр қадамын телефон арқылы бақылап отырған. NoFake.kz тілшісі Астана қаласы полициясының ұйымдастыруымен жәбірленушілерден эксклюзивті сұхбат алып, алаяқтардың қандай айла-тәсілдер қолданғанын білді.
– Ғабит аға, сол күні сізге алғаш кім хабарласты, әңгіме неден басталды?
– 21 қазан күні сағат 11 шамасында жұмыстан келіп, демалып жатқанмын. Түнгі ауысымнан келген едім. Сол кезде маған бір адам қоңырау шалды. Өзін мастер Омаров деп таныстырды. Счетчик ауыстырып жатқанын айтып, қай күнге жазылатынымды сұрады. «Жанымда слесарь бар, электрик те бар. Есептегішті өздеріңіз ауыстырасыздар ма, әлде біздің мастер ауыстырсын ба?» деді. Мен «өздеріңіз ауыстыра беріңіздер» деп жауап бердім. Содан кейін ол өзінің тегін айтып, телефон нөмірін жазып алуды өтінді. «Қазір алаяқтар көп қой, нөмірімді сақтап алыңыз», – деді. Есептегішті ауыстыруға тіркеу үшін маған SMS арқылы келген кодты сұрады. Ұйқылы-ояу отырғандықтан, 1414 нөмірінен келген алты таңбалы кодты айтып қойдым.

– Бейтаныс адамға кодты айтып қойған соң, бірден күмәндандыңыз ба?
– Иә. Біраздан кейін шай ішіп отырып, әйеліме «кодты айтып қойдым, осы дұрыс болды ма екен?» дедім. Сосын КСК-ға қоңырау шалдық. Бізде Қарлыға деген КСК төрайымы бар. Ол кісі: «Бізде дәл қазір есептегіш ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Сіздерге дұрыс ақпарат бермеген сияқты», – деді. Көп ұзамай өзін майор Татьяна Андреевна Никитина деп таныстырған әйел хабарласты. Ол бізден кодты біреуге айтып қойғанымыз туралы онлайн түрде арыз қабылдайтынын айтты. Алдымен менен, кейін әйелімнен жауап алды. Өзін қаржы департаментінің қызметкері ретінде таныстырды. Біз орыс тілінде сөйлестік. Өтініштерімізді жаздыртып, құжаттарды фотоға түсіріп, WhatsApp арқылы жіберуді сұрады. Көшеміздің атауын, тегімізді, басқа да мәліметтерді жаздық. Ол кезде бұлардың алаяқ екенін мүлде білген жоқпыз. Әйел бізге Қылмыстық кодекстің 423-бабын айтып, әзірге бұл туралы ешкімге хабарламауымыз керектігін ескертті. «Бала-шағаларыңызға да, туыстарыңызға да айтпаңыздар. Тергеу жүріп жатыр», – деді.
Алаяқтар зейнеткердің сеніміне қалай кірді?
– Содан кейін өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырған адамдар хабарласқан екен. Олар сізге не айтты?
– Кейін бізге Ұлттық қауіпсіздік комитетінен Алан есімді адам хабарласатынын айтты. Айтқанындай, қаржы бөліміненмін деп таныстырған Алан деген азамат қоңырау шалды. Ол біздің атымызда қанша ақша, қандай мүлік бар екенін сұрады. Мен депозитімізде шамамен 10 миллион теңге бар екенін айттым. Сондай-ақ пәтеріміз бен басқа да жылжымайтын мүлкіміз бар екенін жасырмадым.
Содан кейін ол шұғыл түрде банкке барып, депозиттегі ақшаны шешіп алуымыз керектігін айтты. «Біз қазір тергеу жүргізіп жатырмыз. Ақшаларды белгілеп, сізге қоңырау шалған алаяқтарды анықтауымыз керек. Сіз кодты айтып қойғандықтан, олар шоттарыңыздағы ақшаны да, мүліктеріңізді де иемденіп алуы мүмкін», – деп қорқытты. Осыған сеніп, банкке бардық. Алғашында 4 миллион теңге шешіп алдық. Одан артық ақшаны банк алдын ала өтінішсіз бермейтінін айтты.
Олар бізді телефон арқылы үнемі бақылап отырды. Банкке кіргенде де, шыққанда да, үйге жеткенде де міндетті түрде хабарласуымызды талап етті.
– Депозиттегі ақшаңызды шешіп алуға қалай көндірді?
– Кешке қарай қайта хабарласты. Ақшаны дайындауымызды сұрады. «Бұл енді сіздердің ақшаларыңыз емес, мемлекет ақшасы. Банктен қаражатты алып қойдық. Қазір тергеу амалдары үшін пайдаланып жатырмыз», – деді. Ақшаны сөмкеге салып, үстіне басқа заттар қойып, көзге түспейтіндей етіп орауымызды тапсырды. Сосын такси келетінін, ақшаны соған беріп жіберуіміз керектігін айтты. Мекенжай ретінде Мұзтау көшесін атады. Сол жерден Владимир есімді адам күтіп алатынын жеткізді. Көп ұзамай 077 нөмірлі такси келді. Көлікте екі қыз болды. Біреуі жүргізуші, екіншісі курьер ретінде өзін таныстырды. Әйелім екеуміз сөмкені көліктің жүксалғышына салып бердік. Олар ақшаны алып кетті.
– 4 миллион теңгені қолма-қол алдыңыздар. Оны бейтаныс адамдарға қалай бердіңіздер?
– Иә. Алғашқы күні ақшаның жартысын берген едік. Келесі күні мен жұмыста жүргенде кешегі Алан қайта хабарласты. «Кеше жұмысты аяқтамадық, бүгін қалған соманы шешіп алуымыз керек», – деді. Содан жұмыстан сұранып келдім. Әйеліме хабарласып, екеуміз банкке бардық. Қалған ақшаны шешіп алдық. Бұл жолы олар ақшаны таксимен жіберудің қажеті жоқ, банкомат арқылы салатынымызды айтты. Мен Ұлы дала көшесі, 47-мекенжайындағы терминалға бардым. Алаяқтың нұсқауымен ақшаны бірнеше бөлікке бөліп, төрт терминал арқылы салдым. Алдымен 1 миллион 800 мың теңге, кейін 1 миллион, одан соң 700 мың теңге және қалған бөлігін аудардым. Жалпы сомасы 3 миллион 900 мың теңге болды.
Ақша салып жатқанда да олар телефон арқылы бағыттап отырды. Бір кезде 385 мың теңге қалғанын айтып, «енді бұл ақшаны қайтеміз?» деп сұрадым. Сонда «түскі асқа барып келіңіз, түстен кейін тағы жұмыс істейміз. Ынтымақтастығыңызға рақмет» деді. Менің ойымда ешқандай күдік болған жоқ. Өздерін мемлекеттік органның қызметкерлері деп таныстырған соң, айтқандарын орындап жүрдім.
Дипфейк видеоларды пайдаланған
– Сонда сіздер олардың шынымен ҰҚК қызметкерлері екеніне сендіңіздер ме? Күмән тудырған ештеңе болмады ма?
– Олар бізге түрлі видеолар жіберді. Интернет-алаяқтықты анықтау бойынша арнайы операция жүргізіп жатқанын айтты. Тіпті бейнеқоңырау арқылы әскери форма киген, өзін майор деп таныстырған адам хабарласты. «Қаншама адам зардап шекті, көріңіздер», – деп басқа адамдардың оқиғалары түсірілген видеоларды жіберді. Кейін қайта қоңырау шалып, сол видеоларды көрген-көрмегенімізді сұрады. Бізге бұл арнайы операция екенін, ешкімге жарияламауымыз керектігін қайта-қайта ескертті. Тағы да 423-бапты алға тартып, балаларымызға да, туыстарымызға да айтпауымызды талап етті. Сондықтан балаларымыз да ештеңе білмеді.
– Екі күн бойы айтқандарын орындапсыздар. Мұның алаяқтық екенін қай кезде түсіндіңіз?
– Ақшаны салып болған соң кешке жұмысқа кеттім. «Енді уақытым жоқ, жұмысқа барамын» дедім. Олар: «Жарайды, ертең банктік деректеріңізді тазалаймыз, содан кейін өз шоттарыңызды пайдалана бересіздер», – деді. Жұмыста отырып, eGov порталынан полицияға арыз беру тәртібін оқып қалдым. Сол кезде онлайн түрде арыз қабылданбайтынын көрдім. Осы ақпараттан кейін бір нәрсе дұрыс емес екенін түсініп, балама қоңырау шалдым.
«Біз осындай жағдайға тап болыппыз, алаяқтарға алданып қалыппыз», – деп айттым. Балам келді. Екеуміз түнде аудандық полиция басқармасына барып, арыз жаздық. Қазір тергеу жүріп жатыр. Екі күннің ішінде 7 миллион 900 мың теңгемізден айырылдық. Ең өкініштісі, өзімізді мемлекеттік орган қызметкерлері деп таныстырған адамдарға толық сеніп қалдық. Олар бізді екі күн бойы телефон арқылы бақылап, әр қадамымызды айтып отырды. Біз болсақ, ақшамызды сақтап қалуға көмектесіп жатыр деп ойладық.
– Ғабит аға, уақыт бөліп оқиғаңызды бөліскеніңізге рақмет!


