NoFake

17 қарашада әлемде интернет үш айға өшіп, банк шоттарындағы ақша жойылатыны рас па

17 қарашада әлемде интернет үш айға өшіп, банк шоттарындағы ақша жойылатыны рас па

Фото: depositphotos

17 қарашада әлем бойынша ауқымды кибершабуыл жасалатыны туралы ақпарат қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары арасында да тарады. NoFake.kz бұл мәлімдеменің қаншалықты рас екенін тексерді.

Скрин тредстен.

Желіде тараған болжам бойынша, хакерлер әлемдегі ірі банктердің жүйесіне шабуыл жасап, клиенттердің шоттарындағы ақшаны жояды. Артынша интернет үш айға өшіріледі-мыс. Жазба авторлары ақпаратты даркнеттегі дереккөздерден алғанын алға тартқанымен, ешқандай дәлел ұсынбаған.Threads желісінде жарияланған жазбалардың бірінде былай делінген:

«17 қарашада бүкіл интернет өшіріледі. Желіде даркнеттегі дереккөздерге сілтеме жасалған жаппай блэкаут туралы ақпарат қызу талқыланып жатыр.

Желіде тараған болжам бойынша, әлемдегі хакерлер ірі банктердің жүйесін бұзып, барлық шоттағы ақшаны жояды. Содан кейін интернетті үш айға өшіреді. Бұл теорияны таратушылар қазірдің өзінде азық-түлік, су, қолма-қол ақша, тіпті қару-жарақ пен оқ-дәрі жинауға шақырып жатыр. 17 қарашаға ештеңе жоспарламай-ақ қояйық».

Осылайша, жазба авторлары ауқымды цифрлық жүйе істен шығатынын айтып қана қоймай, адамдарды оның ықтимал салдарына дайындалуға үндейді. Алайда мұндай кибершабуылдың жоспарланып жатқанын көрсететін техникалық дәлелдер келтірілмеген.

17 қарашада АҚШ-та не болады?

2026 жылғы 17 қарашада АҚШ-та шынымен де ресми іс-шара жоспарланған. АҚШ-тың Төтенше жағдайларды басқару жөніндегі федералдық агенттігі (FEMA) Федералдық байланыс комиссиясымен (FCC) бірлесіп, халықты төтенше жағдай туралы хабардар ету жүйесін ел көлемінде сынақтан өткізеді.

Скрин ресми мәлімдемеден.

FCC-тің 2026 жылғы 16 қыркүйекте жариялаған хабарламасына сәйкес, сынақ АҚШ-тың шығыс уақытымен шамамен 14:20-да басталады. Радио мен теледидар арқылы бір минутқа жуық тестілік хабарлама таратылады. Онда бұл тек жүйені тексеру екені және тұрғындардан ешқандай әрекет талап етілмейтіні түсіндіріледі.

FCC хабарламасында:

«Бұл тек сынақ. Тұрғындардан ешқандай әрекет талап етілмейді», – деп нақты көрсетілген.

Демек, АҚШ-та жоспарланған ескерту жүйесін тексерудің интернетті, банк қызметтерін немесе электр энергиясын өшіруге еш қатысы жоқ.

Қазақстандағы жағдай туралы

Қазақстанда 2026 жылғы 11 қазаннан бастап киберқауіпсіздікке қатысты оқиғалар анықталған жағдайда байланыс қызметтерін уақытша тоқтатудың жаңа ережелері күшіне енді. Оған сәйкес, белгілі бір құрылғыда қауіп анықталып, ол жойылмаса, сол құрылғының интернетке қосылуына шектеу қойылуы мүмкін. Құжатқа сәйкес, байланыс операторы анықталған қауіп туралы абонентке хабарлап, мәселені шешуге 48 сағат уақыт беруі тиіс. Егер осы мерзім ішінде қауіп жойылмаса, құрылғының интернетке қосылуы шектелуі мүмкін. Мұндай шараны қарастыруға киберқауіпсіздік қызметтерінен түскен ақпарат негіз болады.

Демек, бұл Қазақстанда немесе басқа елдерде интернетті жаппай өшіру туралы емес, нақты киберқауіптерге қарсы әрекет ету тәртібі туралы ереже. Құжатта интернетті үш айға жаппай өшіру жөнінде ешқандай норма жоқ. Банк жүйелерінің ақпараттық қауіпсіздігіне де арнайы талаптар қойылған. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы ұйымдары үшін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің міндетті талаптарын бекіткен. Атап айтқанда, банктер киберқауіптерді басқаруға, жүйелерінің қорғалу деңгейін тұрақты тексеруге және ақпараттық сервистердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті.

Түйін

2026 жылғы 3 қарашадағы жағдай бойынша интернеттің бүкіл әлемде үш айға өшірілетіні немесе банк шоттарындағы ақшаның жойылатыны туралы ресми ақпарат жоқ. Қазақстанның мемлекеттік органдары жариялаған ресми хабарламаларда да 17 қарашада ел көлемінде жаппай блэкаут болатыны жөнінде ескерту кездеспейді. 17 қарашада әлемдік кибершабуыл жасалып, интернет үш айға өшіріледі деген ақпарат расталмаған. Желіде тараған мәлімдемелер нақты деректерге емес, дәлелсіз болжамдарға негізделген.

Оқу үшін