Туған-туыстан түскен ақша табыс болып есептеле ме және оған салық салына ма: зерттедік

Depositphotos.com
Отандық пабликтердің бірінде «Банк картасына туыстардан түсетін ақша — кіріс көзі болып есептелуі мүмкін бе: Еңбек министрлігінде жаңа ережелерді түсіндірді» деген тақырыппен жазба жариялады. Nofake.kz аталған ақпараттың қаншалықты рас-өтірік екенін тексеріп көрді.
Мәселе қайдан шықты?
Отандық пабликтердің бірінде «банк картасына туыстардан түсетін ақша — табыс болып есептелуі мүмкін бе: Еңбекмин түсіндірді» деген тақырыпта жазба жарияланды.

Аталған пост көпшілік арасында қызу талқыланып, адамдар ақпараттың рас-өтірігін білмей жатып, оған қатысты пікір жаудырған.

«Егер мен қарызға ақша сұрап, сол ақшаны маған жіберсе ше? Немесе мен немереме ақша жіберсем, соны да есептей ме», «Олар салық ұсталған біздің ақшадан да процент көргісі келіп отыр! Сөйтіп екі есе пайда таппақшы!», «Сонда туған-туысқа да көшті ме? Ағасы қарындасына немесе ұлы анасына ақша аудара алмай ма? Тағы қандай жіктеу болады?» деп жазған олар.
Kaspi.kz мәлімдемесі қандай?
Бір қызығы аталған пост астында осы сұраққа жауап ретінде, Kaspi.kz-тің те ресми мәлімдеме жасағанын көрдік. Ондағылар «жеке тұлғалар арасындағы жеке мақсаттағы аударымдарға салық салынбайды және оларға жаңа шектеулер қойылмайды» деп жауап берген.
«Сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Банктер кәсіпкерлік қызмет белгілері болған жағдайда, яғни қатарынан 3 ай бойы ай сайын түрлі адамдардан 100-ден астам аударым түссе, бұл туралы мәліметтерді береді», — деп түсіндірген.

Еңбек министрлігі не дейді?
Мәселенің мән-жайын білу үшін, жазбада көрсетілгендей алдымен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарластық. Министрліктегілер бұл мәселе «Отбасының цифрлық картасын» түсіндіруге арналған брифингте, тек отбасылардың қай санатқа жататынын анықтауға қатысты көтерілгенін атап өтті. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, «отбасының A, B, C, D, E санатына жіктегенде, олардың туыстарынан келіп түсетін аударым — табыс көзі болып есептеліп, олардың әл-ауқатының көрсеткішіне әсер етуі мүмкін бе?» деген мәселе туындаған. Аталған брифингте, вице-министр Бахтияр Жазықпаев оған былай деп жауап берген:
«Мысалы, мен жалақымды алып, әйеліме аудардым, ол балаға аударды. Біз барлығымыз бір үйде тұрамыз. Бір отбасы мүшелерінің ішіндегі мұндай аударымдар отбасының санатын анықтау барысында есепке алынбайды. Бұл жерде тек бір ғана табыс бар, ол — әкесінің айлығы», — деп түсіндірген ол.
Яғни, министрлік түсіндірмесіне сәйкес, бір отбасы мүшелерінің арасындағы ақша аударымдары отбасының әл-ауқат санатын анықтау кезінде жеке табыс ретінде есептелмейді. Мәселе барлық аударымдарға салық салу туралы емес, отбасының әлеуметтік жағдайын бағалау тәртібіне қатысты болған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында не айтылған?
«Банк картасына туыстардың ақша аударуы — табыс болып есептеле ме және оған салық салына ма?» деген сауалға нақты жауап алу үшін, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтын ақтардық. Осылайша онда мынадай жауаптың куәсі болдық.
Мобильді аударымдарға салық салына ма?
Жоқ. Салық салу объектісі — жеке тұлғаның табысы, оны алу тәсілі емес. Егер ақша аударымы жеке сипатта болса, мысалы, туыстарға көмек көрсету, туған күнге немесе үйлену тойына сыйлық беру, қарызды қайтару, мектеп қажеттіліктеріне қаражат жинау немесе ортақ шығындарды өтеу мақсатында жасалса, мұндай түсімдер табыс болып саналмайды және оларға салық салынбайды.
Қандай жағдайда банктер мемлекеттік кірістер органдарына мәлімет береді?
Банктер мәліметтерді мына шарттардың барлығы бір мезгілде орындалған жағдайда ғана ұсынады: жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметке арналмаған банктік шотына қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында 100 және одан да көп түрлі адамнан ақша түсіп, ал осы кезеңдегі түсімдердің жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асқан жағдайда. 2026 жылы бұл шек 1 020 000 теңгені құрайды. Егер шарттардың кем дегенде біреуі орындалмаса, мысалы, үш айдың бірінде ақша жіберушілер саны 100-ге жетпесе немесе жалпы сома белгіленген шектен аспаса, мәліметтер салық органдарына берілмейді.
Туыстар мен достардан келетін аударымдар тексеріле ме?
Жоқ. Отбасы мүшелері, жақын туыстар, достар мен әріптестер арасындағы аударымдар, сондай-ақ жеке сипаттағы сыйлықтар мен көмек жеке тұлғаның өз бетінше салық төлеуіне негіз болатын табыстар қатарына жатпайды. Мұндай аударымдардың тұрақты түрде жасалуының өзі бақылауға алу үшін негіз болып саналмайды.

Түйін
Осылайша, материалдың тақырыбы оқырманды жаңылыстырып, ақпаратты манипуляциялық тұрғыда ұсынылғанының куәсі боламыз. Туыстар мен достар арасындағы жеке мақсаттағы ақша аударымдарына салық салынбайды. Еңбек министрлігінің түсіндірмесі отбасының әлеуметтік әл-ауқат санатын анықтауға қатысты болған. Ал банктер салық органдарына мәліметтерді заңда белгіленген шарттар қатар орындалған жағдайда ғана береді.


