Ирандағы қақтығыстың Қазақстан экономикасына әсері – сарапшымен сұхбат

Фото: Коллаж NoFake.kz
Ирандағы соғыс Қазақстанға қалай әсер етеді? NoFake.kz әскери қауіпсіздік сарапшысы Эмин Джаббаровпен азық-түлік қауіпсіздігі, Орта дәліздің болашағы мен инвестициялық қауіптер туралы сұхбатты ұсынады.
— Иран 2026 жылдың наурызында азық-түлік экспортына тыйым салды. Бұл шешім көршілес Тәжікстан мен Түркменстанда бағаның өсуіне әкелді. Қазақстанда тауар тапшылығы туындау қаупі бар ма?
—Нақты Қазақстан үшін айтарлықтай қауіп көріп тұрған жоқпын. Мен Ақтауда алты жылдан астам тұрдым және жергілікті нарықтың қалай қалыптасқанын жақсы білемін. 2011-2014 жылдары ирандық бизнесті Әзірбайжан кәсіпкерлері біртіндеп ығыстырды. Әзірбайжан жағы Батыс Қазақстанда жеміс-жидек пен көкөніс сақтайтын заманауи қоймалар салып, нарықты толық иеленді.
Азық-түлік дағдарысы тауарды тек теңіз жолымен алатын Парсы шығанағы елдерінде (Әмірліктер, Катар) және Иранға тікелей тәуелді Түркменстан мен Тәжікстанда болуы мүмкін. Ал бізде жеткізу тізбегі әртараптандырылған: тауарлар Қытай мен Кавказ бағытынан келеді. Сондықтан бұл жағдай бізге онша қатысты емес.
—Жылдар бойы салынған «Солтүстік–Оңтүстік» дәлізі Ормуз бұғазының блокадасы салдарынан тоқтап тұр. Бұл Қазақстанның оңтүстік хабқа айналу амбициясынан бас тартып, тек Орта дәлізге күш салуымыз керек дегенді білдіре ме?
— Жоқ, бұл біздің жалғыз таңдауымыз емес. Үкіметтің «жұмыртқаны бір себетке салмау» саясаты өте көрегендік болды. Біз бағыттарды әртараптандырдық, сондықтан бүгінгі дағдарыста Орта дәліздің (Транскаспий бағыты) маңызы өздігінен артты.
Ертең соғыс тоқтағанда басқа да балама жолдар қайта жанданады. Қазіргі тарихи кезеңде Ақтау-Баку арқылы Түркияға, тіпті Армения арқылы Еуропаға шығу мүмкіндігі — Қазақстанды «құрлықтағы Сингапур» ету идеясын жүзеге асыруға жақсы мүмкіндік. Біз барлық бағытта доспыз және тиімді жерде дами береміз.
— Иранда ішкі қоныс аударушылар көбейіп, ауғандықтар еліне қайтып жатыр. Орталық Азия босқындар үшін «қосалқы есік» болып, олармен бірге радикалды топтардың келу қаупі жоқ па?
— Радикалды топтар туралы айтқанда, біздің ирандықтармен діни ұқсастығымыз аз екенін ескеру керек. Олар — шиит, біз — сүннитпіз, мәдениетіміз алшақ. Оларға бізден көрі Әзірбайжан, Түркменстан немесе Тәжікстан әлдеқайда жақын.
Қазақстан тек экономикалық тұрғыдан тартымды болуы мүмкін, бірақ біз Ираннан географиялық тұрғыдан алыспыз. Әрине, халықаралық құқық бойынша баспана іздегендерге көмектен бас тарта алмаймыз, бірақ жаппай көші-қон немесе халықтың ирандық режимді жақтап митингке шығуы екіталай. Егер елімізде діни сана өссе, біз ирандықтардан керісінше алыстай түсеміз. Бұл жерде мәдени бірегейлік үлкен рөл атқарады.
— Парсы шығанағындағы шиеленіс араб инвесторларының Қазақстандағы жобаларына кедергі келтіріп, капиталдың азаюына әкелмей ме?
— Мен бұған керісінше, үлкен мүмкіндік ретінде қараймын. Ормуз бұғазы мен Баб-эль-Мандеб бұғазы жабылса, араб елдері екі жағынан қоршауда қалады. Мұндай жағдайда инвесторлар ақшаны қайда сақтау керек деп ойлайды? Әрине, соғыс жоқ, тұрақты дамып жатқан аймақта.
Қазір Қытай мен Еуропаны байланыстырып отырған Қазақстан — ең қауіпсіз әрі тиімді жер. Армения мен Әзірбайжан қарым-қатынасы жақсарып, Зангезур дәлізі ашылса, транзиттік әлеуетіміз тіпті артады. Қытайша «дағдарыс» сөзі «қауіп» және «мүмкіндік» деген екі мағынаны береді. Солтүстік пен Оңтүстіктегі қауіп біз үшін маңызды мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
— Сұхбатыңызға рахмет!


