Желіде Желтоқсан құрбандарының дипфейк видеолары кең тарады

фото: видеодан скрин
Тәуелсіздік күні қарсаңында әлеуметтік желілерде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбандарына арналған дипфейк видеолар тарады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнематериалдарда Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев пен Сәбира Мұхаметжанова бейнелері «қайта тірілгендей» көрініп, патриоттық сарындағы сөздермен халыққа үн қатады.
Видеоларда Желтоқсан қаһармандарының сол кезеңде айтқан сөздері өз ауыздарынан шыққандай беріледі. Мәселен, Ербол Сыпатаевтың «Не істемекпін алтын, гауһар, жақұтты, өткізбеспін оларды іздеп уақытты, Мен бақытсыз бола қойман сірә да, туған елім болса менің бақытты» дегені, Қайрат Рысқұлбековтің мына өлең жолдарын оқығаны видеоға айналдырылып, көрерменге ұсынылады.
«Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
“Еркек тоқты – құрбандық”,
Атам десең, атыңдар!
Ләззат Асанова мен Сәбира Мұхаметжанованың да алаңға барғандағы айтқан сөздері ретінде танымал цитаталары видеода дәл өздері айтқандай әсер қалдырады. Ләззат Асанова » Мен — Ләззат. Маған жала жапты. Барған 4-5 адамның тізімін берсең, сені босатамыз деп мені қинады. Бірақ мен айтпадым», – деп сөйлесе, Сәбира Мұхаметжанова мына өлең жолдарын оқиды.
«Мен не етермін, етермін,
Мен келмеске кетермін
Көрмеген қош бол таңдарым,
Көре алмай мен өтермін»,-дейді видеодағы Сәбира.
Желі қолданушылары бұл видеоларды Желтоқсан рухын жаңғыртатын әсерлі жоба ретінде қабылдаса, сарапшылар марқұмдардың бейнесін қолдануда тарихи дәлдік пен этикалық жауапкершіліктің маңызын ескертеді.

Сонымен қатар соңғы кезде жасанды интеллект көмегімен фотоны видеоға айналдыру, ескі суреттерді жаңарту, сондай-ақ өмірден өткен адамдарды тірі кезіндегідей бейнелеп, оларды балаларының немесе ата-анасының құшағында тұрғандай етіп жасауға тапсырыс беру үрдісі де кең қарқын алып келеді. Мамандар мұндай қызметтер адамның жеке тарихы мен сезіміне әсер ететінін алға тартып, технологиялық мүмкіндіктерді қолдануда қоғамдық және моральдық жауапкершілікті назардан тыс қалдырмау қажеттігін айтады.


