«ҚазАвтоЖол» автономды жүк көліктеріне арналған жолдар жоспарын түсіндірді

Иллюстрация: nofake.kz/
Қазақстанда автономды жүк көліктерін енгізу жоспары қоғамда қызу талқылануда. Әлеуметтік желілерде қолданушылар автожолдардың қазіргі жағдайына байланысты күмән білдіріп отыр. Бұл мәселеге қатысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы түсініктеме беріп, автономды жүк көліктеріне көшу тек жол сапасына ғана емес, цифрлық және байланыс инфрақұрылымына да тікелей байланысты екенін атап өтті деп хабарлайды nofake.kz/.
Бұған дейін Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Қазақстанда автономды жүк көліктерімен алғашқы пилоттық жобалар 2027 жылы іске қосылуы мүмкін екенін хабарлаған болатын. Оның айтуынша, жаңа жолдарды салу кезінде мұндай көліктердің қозғалысына қажетті арнайы датчиктерді орнату мүмкіндігі қазірдің өзінде ескеріліп жатыр.
Алайда бұл жоспарлар қоғамда біржақты қабылданбады. Көптеген қазақстандықтар қазіргі жолдардың жағдайында автономды жүк көліктерінің жақын жылдары трассаларда жүруіне күмәнмен қарайды.

Осы сын-пікірлерге жауап ретінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілі Сәкен Ділдахмет автономды жүк көліктері алдымен қала ішінде, кейін республикалық трассаларда іске қосылатынын айтты.
«Ең алдымен, автономды көліктер, әрине, қала ішінде пайда болады. Одан кейін ғана трассаларға шығады. Бұл мәселені кешенді түрде қарау қажъет. Әдемі жолдармен ғана ештеңе шеше алмайсың. Байланыс пен интернеттің қамтылуын, GPS-навигацияны қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ қызмет көрсететін компания болуы тиіс. Бізге ең алдымен IT-саласында үлкен серпіліс жасау қажет, бірақ бұл — уақыттың еншісіндегі мәселе. Біз міндетті түрде оған жетеміз, себебі қазір бәрі өте жылдам өзгеріп жатыр», — деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілі Сәкен Ділдахмет.
Бұған дейін «ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге арналған Sapar қосымшасының жұмысы бойынша түсініктеме берген болатын.


