Семейде жасөспірімдер төбелескені рас па: басқарма мән-жайды түсіндірді

Скриншот видеодан
Әлеуметтік желіде Семейде бір топ жасөспірімдердің бір адамды тізерлеп отырғызып, теуіп жатқан видеосы тарады. Аталған жайтқа қатысты құзырлы мекеме түсініктеме берді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Желіде тараған видеода жасөспірімдердің топ болып жиналғанын, тіпті бір адамды тізерлеп отырғызып, теуіп жатқанын анық көруге болады. Бастапқыда көрініс шынайы болып көрінгенімен, оның қойылым екені анықталды.
Абай облысының білім басқармасы желіде тараған видеоға қатысты түсініктеме берді.
«Семей қаласында түсірілген видеода жейдемен отырған жасөспірім мен оны қоршаған адамдар көрсетілген. Колледж әкімдігі оқиғаның мән-жайын түсіндірді. Студенттер Тәуелсіздік күніне арналған байқау аясында видео түсірген. Бұл – сахналық қойылым, негізгі мақсаты – Қайрат Рысқұлбековтің ерлігін насихаттау», — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін облыс әкімі Берік Уәли әкімдік 400 млн теңгеге жиһаз алды деген қауесетті жоққа шығарған еді.


