Сағат ауыстыру энергия тұтынудың өсуіне себеп емес – вице-министр

Фото: пресс-служба Министерства энергетики РК
Қазақстанда сағатты ауыстыру энергия тұтынудың артуына әсер еткен жоқ және энергожүйеге түсетін жүктемеге айтарлықтай ықпал етпеді. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Оның айтуынша, уақыттың өзгеруі тек тұтыну шегін (пиктерін) ығыстырған, ал электр энергиясына сұраныстың өсуі экономикалық және демографиялық факторларға байланысты. Оның сөзінше, уақыт белдеуінің өзгеруі энергетика саласына тікелей қатысы жоқ және электр энергиясын тұтынуға елеулі әсер етпеген.
«Біздің, яғни энергетика қауымдастығының ұстанымы — сағатты ауыстыру энергетикамен байланысты емес. Екіншіден, ол тұтынудың артуына айтарлықтай әсер еткен жоқ. Кешкі және таңғы уақытта тек жүктеме шыңдары ығысты. Жыл қорытындысын әлі көрсетеміз. Соған қарамастан, жыл сайынғы тұтыну өсімі 3–4% деңгейінде сақталып отыр. Логикаға салсақ, ол одан да жоғары болуы керек еді», — деді Есімханов.
Вице-министр өңірлер бойынша деректерді де келтірді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында, яғни ертерек қараңғыланатын аймақта, энергия тұтыну бар болғаны 1% артқан. Ал сағат ауыстыру жүргізілмеген Атырау облысында тұтыну көлемі 13%-ға өскен.
Айтуынша, электр энергиясына сұраныстың артуына негізгі себеп — уақыттың өзгеруі емес, өндірістік нысандар санының көбеюі және халық санының артуы.


