NoFake

Сарыарқа ауданы қылмыс деңгейі бойынша әлемде алдыңғы қатарда ма: Әкім жауабы

Коллаж: nofake.kz/

Астана қаласы мәслихатының отырысында депутат Талғат Ерғалиев пен қала әкімі Жеңіс Қасымбек арасында Сарыарқа ауданындағы криминогендік ахуалға қатысты пікірталас туындады. Депутат ауданда қылмыс деңгейі жоғары екенін айтса, әкім бұл деректердің түсіндірмесімен келіспей, қоғамды жаңылыстырмау үшін статистикамен мұқият жұмыс істеуге шақырды, деп хабарлайды nofake.kz/.

Талғат Ерғалиевтің айтуынша, Сарыарқа ауданы қылмыстық көрсеткіштен әлем бойынша көш бастап тұр.

«Астанадағы барлық қылмыстың жартысынан көбі қала аумағының небәрі 3 пайызына — вокзал маңы, оған іргелес кварталдар мен жеке секторға тиесілі. Бұл 16-округ пен Сарыарқаны ең криминалды аудан деп санауға негіз береді», — деді депутат.

Оның сөзінше, ауданда күніне 14-ке дейін қылмыс жасалады. Әр 10 күн сайын бір адам өлімі, әр 15 күн сайын бір зорлау дерегі тіркеледі, күн сайын шамамен ұрлық пен екі есірткіге қатысты алты қылмыс болады. Ерғалиев аудан көрсеткіштерін Crime rate халықаралық рейтингімен де салыстырды.

«Бұл әскери қимылдар туралы есепке ұқсайды. Crime rate халықаралық көрсеткіші бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда әлемдегі ең қылмысы көп 10 астананың ішінде: Венесуэланың Каракасы — 3 500 қылмыс, ОАР-дың Преториясы — 2 500, Йоханнесбург — 2 400, Мексика — 1 500, Вашингтон — 1 200, ал Лондон, Париж, Берлин, Мәскеу — 100. Ал Сарыарқа ауданы қылмыс деңгейі бойынша әлем астаналары арасында екінші орында тұр», — деді ол.

Депутат қауіпсіздікті күшейту үшін қосымша полиция тірек пунктін ашуды, қызметкерлер санын арттыруды, сондай-ақ спорттық-демалыс нысандарын, бейнебақылау мен жарықтандыру инфрақұрылымын кеңейтуді ұсынды. Сонымен қатар 16-округте көшедегі қылмысты азайтуға арналған жеке бағдарлама әзірлеу қажет екенін айтты.

Әкім уәжі

Ал Астана әкімі Жеңіс Қасымбек депутаттың мәлімдемесімен түбегейлі келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, ресми статистика мүлде басқа динамиканы көрсетіп отыр.

«Сіз бұл деректерді қайдан алып отырғаныңызды білмеймін. 2025 жылы Астанада қылмыс деңгейі былтырғы желтоқсанмен салыстырғанда 26,7 пайызға төмендеді. Бұл елордамыздың Қазақстан ішіндегі және халықаралық рейтингтердегі орнын жақсартты. Бізді Каракаспен немесе басқа қалалармен салыстыру дұрыс емес», — деді әкім.

Қасымбек мұндай мәлімдемелердің қоғамдық пікірді дүрліктіретінін айтып, депутаттарды сөз саптауда абай болуға шақырды. Оның айтуынша, елордада жыл сайын 20-ға дейін жаңа полиция тірек пункті ашылады, ал қауіпсіздік қызметтері халық тығыздығына қарай күшейтіледі. Әкім Сарыарқа ауданының белсенді дамып жатқанын да атап өтті.

«Көкталда жаңа перинаталдық орталық салынып жатыр, көктемде үшінші көпсалалы аурухананың құрылысы басталады, бассейні бар Оқушылар сарайы, жаңа жайлы мектептер — соның ішінде Агроқалашықта да бой көтеруде. Аудандар тең емес дамып жатыр деу — негізсіз», — деді ол.

Жеңіс Қасымбек депутаттың ұсынысы зерделенетінін және қажет болған жағдайда келесі жылы ауданға қосымша қаржы бөлінетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, жуырда Сенат кулуарында Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов 2025 жылдың 11 айында елде 1 749 қылмыстық іс тіркелгенін хабарлаған. Әр төртінші қылмыс алкогольдік мас күйде жасалған. Астанада, әсіресе, ойын-сауық орындары алаңдаушылық туғызады: 171 нысанда 357 қылмыс тіркелген, олардың басым бөлігі түнгі және таңғы уақытта болған.

Оқу үшін