Зейнетақы қаражатын пластикалық операцияларға пайдалану тоқтатылды

Фото: depositphotos
Отбасы банк зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану бойынша өтінім қабылдауды не себепті тоқтатқанын түсіндірді, деп хабарлайды nofake.kz/
«Еnpf-otbasy.kz платформасында стоматология мен офтальмологияға БЗҚ қаражатын пайдалану үшін өтінім қабылдау тоқтатылғаннан кейін, қазақстандықтар жаңа мақсатты жаппай таңдай бастады. Ол реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) операциялары. Бұл бағытқа әсіресе операциядан кейінгі тыртықтарды түзету және туа біткен ақауларды коррекциялау үшін сұраныс артты. Отбасы банк мұндай өтінімдердің саны бойынша күрт өсімді байқaды. Бұрын банкке пластикалық оталарға БЗҚ қаражатын пайдалану туралы азаматтардан орта есеппен 16 өтініш түсетін. Алайда қыркүйекте стоматология бойынша өтінім қабылдау тоқтаған кезде олардың саны 123-ке дейін өсті, қазанда – 1 844-ке, ал қарашада – 3 878 өтінішке жетті», — деп мәлімдеді банктің баспасөз қызметі.
Алты мыңнан аса өтініш қаралып жатыр
Желтоқсан айындағы өтінімдердің жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге жеткен. Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бұл мүмкіндікті кейбір делдалдар азаматтардың сенімін пайдаланып, заңсыз жолмен ақша шешіп алу үшін қолданған.
«Азаматтардың зейнетақы қаражатының мақсатты пайдаланылуын қадағалау — біздің міндетіміз. Пластикалық операцияларға деген қызығушылықтың күрт артқанын байқаған кезде, БЖЗҚ қаражатын мақсатсыз пайдалану қаупін көрдік. Сондықтан осы бағыт бойынша өтінім қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болдық. Қазір осы мүмкіндікті желеу етіп, кейбіреулер БЗҚ қаражатын делдалдар арқылы заңсыз жолмен шешіп алып жатыр. Ал шын мәнінде, пайда тауып отырған – сол делдалдар. Отбасы банкі үшін ең маңыздысы – зейнетақы қаражатының нақты мақсатына жұмсалуын қамтамасыз ету және оны заңсыз баю құралына айналдырмау», — деді Ләззат Ибрагимова.
Банк мәліметінше, 2025 жылдың 12 желтоқсанынан бастап enpf-otbasy.kz порталында операциядан кейінгі тыртықтарды және туа біткен ақауларды түзетуге арналған реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) операциялары бойынша өтінім қабылдау тоқтатылады. Қазіргі уақытта осы бағытта 6 294 өтінім қаралуда. Отбасы банк бұл өтінімдердің барлығы қолданыстағы тәртіпке сәйкес өңделетінін хабарлады.
Кімдерге сақталады?
Сонымен бірге азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өмірлік маңызы бар және қымбат ем түрлеріне бағыттау мүмкіндігі сақталады. Олардың қатарына сирек (орфандық) ауруларды емдеу, радионуклидтік және радиойод терапиясы, радиохирургиялық емдеу және протондық терапия жатады.
Бұдан бөлек, БЖЗҚ-дағы артылған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға — баспана сатып алу, ипотеканы өтеу немесе Отбасы банктегі депозитті толықтыру арқылы пайдалану мүмкіндігі де шектелмеген.


