«Берденовке жасалған қастандыққа қатысы бар» деген айыпқа Шымкент әкімі жауап берді

Коллаж: nofake.kz/
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков экс-орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты өз атына айтылған айыптауларды жоққа шығарды, деп хабарлайды nofake.kz/.
Әлеуметтік желілер мен бірқатар БАҚ-та әкімнің қастандық ісіне қатысы болуы мүмкін деген болжамдар тараған еді.
«Мен құқық қорғау органы, немесе шешім шығаратын сот органы емеспін. Ол кезде не деп айтамын? Болған жағдай орын алды, оны арнайы органдар тергеді, сот үкімін шығарды. Кінәлі адамдар жазасын алды. Берденовтің жұмысқа кіріскеніне ол кезде небәрі бір ай ғана болған, су ресурстары мен маркетингке еш қатысы жоқ», — деді ол.
Сыздықбеков мұндай әңгімелердің «іштен шығарылған қауесет» екенін айта келе:
«Адам өзін қорғау үшін не істемейді. Бұл мәселе толық аяқталды. Оны қайта-қайта көтерудің қажеті жоқ деп ойлаймын», — деп қосты.
Тендерлерді «бейресми адамдар басқарады» деген ақпаратқа жауап
Брифингте әкімге Шымкентке танымал Анарбек Орманов (су ресурстары мен маркетинг саласы) және Батырбек Көшербаев (көлік ресурстары) тендерлерді бейресми түрде бөліседі деген жарияланған материалдарға қатысты сұрақ та қойылды.
«Бұл екі азаматты білемін, бірақ олармен жақын араласқан емеспін. Ең бастысы — олардың әкімдіктің ресми жұмысына ешқандай қатысы жоқ. Барлық шешімді өзіміз қабылдаймыз. Тендерлер ашық жарияланады және ашық өтеді. Бұл дауға олардың да, басқа адамдардың да қатысы жоқ», — деді Сыздықбеков.
Әкімнің айтуынша, Шымкенттегі әкімдік жұмысы бұрынғы тәртіппен жалғасып жатыр, ал өзі қызметін «адал әрі ашық» атқарып отырғанын атап өтті.
«Қазір біреудің жолын кесіп отырмын деп айта алмаймын. Жұмысым – қала мүддесі», — деді ол.
Еске салайық, 2025 жылдың 21 сәуірінде Руслан Берденовке әкімдік маңында шабуыл жасалды. Тергеу нәтижесінде бірнеше адам жауапқа тартылып, сот үкімі шыққан. Кейіннен әлеуметтік желілерде бұл оқиғаға шенеуніктердің қатысы болуы мүмкін деген болжамдар тарай бастаған. Алайда ресми органдар бұл ақпаратты растаған жоқ.


