7 минуттық ролик шынымен 100 млн теңге тұрады — әкім түсіндірді

Фото: Ortcom.kz
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құны 100 миллион теңгеге бағаланған жеті минуттық роликке қатысты түсінік берді, деп хабарлайды nofake.kz/.
«Бұл қарапайым бейнеролик емес, кәсіби түрде жасалған жеті минуттық ролик. Түркістанда «Алтын Самұрық» кешені бар. Басқа елдердегі осындай қойылымдық жобалардың құны 200–300 мың доллардан асады. Мұндай жұмыстар АҚШ-тағы Universal Park-та жасалатын форматтармен салыстыруға болады. Мысалы, «Гарри Поттер» немесе «Трансформерлер» бойынша. Бұл өте қымбат қойылымдар, — деді Көшеров.
Бұған дейін әлеуметтік желі мен бірқатар БАҚ-та Түркістан облыстық мәдениет басқармасына қарасты орталықтың ұзақтығы 7 минут болатын тарихи бейнероликке 100 миллион теңге көлемінде келісімшарт жасағаны туралы ақпарат тараған. Бұл жоба қоғамда қызу талқыланып, жұрт оның құны мен қажеттілігіне күмәнданды.


