NoFake

Жастар жаппай мемқызметтен кетіп жатқан жоқ — Агенттік

Crop

Фото: Egov.kz

Әлеуметтік желілер мен бірқатар БАҚ-та мемлекеттік органдарда «кадр тапшы» және «жастар жаппай қызметтен кетіп жатыр» деген мәлімет тарады. Желі қолданушылары мұны төмен жалақы, мансаптық өсу жолындағы әділетсіздік және тым жоғары жауапкершілікпен байланыстырады. nofake.kz/ осы ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне ресми сауал жолдады.

Агенттіктің мәліметінше, тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

«Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары мемлекеттік қызметтен өз еркімен кеткен қызметкерлердің үлесі 5%-дан аспайды. 2022 жылы бұл көрсеткіш 4,7%, 2023 жылы – 4,9%, ал 2024 жылы өзгеріссіз қалды», — деп хабарлады баспасөз қызметі.

Ведомство мұны мемлекеттік қызметтің тұрақтылығы артқанын көрсететін фактор ретінде бағалайды:

«Бұл мемлекеттік органдардағы қызметтің жылдан-жылға тұрақты әрі тартымды болып келе жатқанын көрсетеді», — дейді агенттік.

Сонымен қатар, ведомство «жаппай кадр тапшылығы бар» деген пікірдің негізсіз екенін атап өтті.

«Желіде айтылып жүргендей жаппай кадр тапшылығы жоқ. Мемлекеттік қызметкерлердің жалпы саны қалыпты деңгейде. Мемлекеттік қызметтің тартымдылығы жалақы деңгейімен ғана өлшенбейді. Ашық қабылдау ережелері, әділ бағалау және түсінікті мансаптық перспектива аса маңызды», — деп жауап берді сауалымызға агенттік.

Соңғы үш жылдағы өзгеріс

Агенттіктің хабарлауынша, мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесі соңғы үш жылда түбегейлі өзгерген.

«2022 жылдан бастап мемлекеттік қызметке қабылдау толықтай автоматтандырылды. Бұл кез келген азамат үшін тең мүмкіндік беріп, адами факторды жояды. Бағдарламаның негізгі элементі — eQyzmet.gov.kz сыртқы порталы. Ол кадрлық процестерді толық цифрландыруды қамтамасыз етеді. Конкурс кезеңдерін онлайн жоспарлау, нәтижелерді бақылау және хаттамаларды тексеру мүмкіндігі жемқорлық тәуекелдерін жояды. Цифрлық іріктеу енгізілгеннен кейін бәсекелестік те артты: бір орынға орта есеппен 5,5 адам таласады — бұл дәстүрлі жүйемен салыстырғанда үш есе жоғары. Кандидаттардың жеке тұлғасы жасырын көрсетіліп, тестілеу прокторинг арқылы бақыланады», — деп мәлімдеді ведомство.

Агенттік мемлекеттік мекемелерге жас мамандарды тарту және мансаптық өсуді ынталандыру бағытындағы шараларды да атады.

«Грантта оқып, жоғары академиялық үлгерім көрсеткен түлектер үшін мемлекеттік қызметке кіру тәртібі жеңілдетілді. Президенттік жастар кадр резерві және өңірлік резервтер қалыптастырылып жатыр. Сонымен қатар төрт тоқсан қатарынан жоғары нәтиже көрсеткен қызметкер қайта конкурссыз жоғарылатылуға мүмкіндік алады. 2024–2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы бекітілді және ол әлеуметтік қорғаныс, мансаптық өсу мен құқықтық қорғауды күшейтуге бағытталған жаңа заң жобасын қамтиды».

Оқу үшін