NoFake

ЖОО бітірген экономистер мен заңгерлер жұмыссыз жүретіні рас па

Фото: Depositphotos

Халық арасында экономистер мен құқық мамандығын бітірген жастар көп жағдайда жұмыссыз жүретіні жайлы қауесет көп тарайды. Аталған cұрақ қаншалықты рас? Nofake.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінен сұрап білді.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханның айтуынша, бұған елімізде бөлінетін мемлекеттік гранттар әсер етуі мүмкін. Себебі, елімізде гранттардың 60 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтарға бөлінеді.

«Биыл бітірген 180 мың түлектің 60 мыңы мемлекеттік грантпен оқуын аяқтаса, қалған 120 мыңы ақылы түрде білім алған жастар. Ал ақылы түрде білім алуға қай мамандықтарға барады? Әрине, экономика және заң бағыттары бойынша», – деді спикер.

Министрлік өкілінің айтуынша, гранттарды бөлу кезінде еңбек нарығының сұранысы ескеріледі. Сондықтан мемлекет инженерлік-техникалық салаларға басымдық береді. Сонымен қатар ақылы бөлімде оқитын студенттердің де білім алу құқығы сақталады.

«Сондықтан бұл жерде біз қазақстандық нарықты мемлекеттік гранттар бөлу арқылы инженерлік-техникалық бағыттағы мамандарға басымдық бере отырып қалыптастырамыз. Бірақ өз бетімен, ақылы түрде білім алған жастарды да қолдаймыз. Себебі білім алып отырған әрбір жастың білім алуы – оның Конституциялық құқығы», – деді ол.

Ведомство өкілі қоғамда бұл мәселенің жиі талқылануының себебін де түсіндірді. Оның айтуынша, ақылы негізде оқитын жастардың басым бөлігі экономика мен құқық сияқты гуманитарлық бағыттарды таңдайды. Соның салдарынан осы мамандықтар бойынша еңбек нарығында бәсекелестік күшейеді.

«Біздің жастарымыз ақылы түрде көбінесе гуманитарлық саладағы экономика, құқық бағыттарын таңдайды да, нарыққа бәрі бірден шығады», – деп түйіндеді ол.

Қорыта айтқанда, бұл бағыттарды ақылы негізде таңдайтын жастардың саны көп болғандықтан, еңбек нарығындағы бәсекелестік жоғары. Сол себепті олар жұмыс іздегенде қиындықтарға тап болуы мүмкін, себебі нарықта мұндай мамандар өте көп. Ал, мемлекеттік гранттар еңбек нарығында сұранысқа ие инженерлік-техникалық мамандықтарға басымдықпен бөлінеді.

Айта кетейік, бұған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі шетелдік студенттерге жатақхана берерде жеңілдік бар деген ақпаратты жоққа шығарған еді.

Оқу үшін