Жолдау: Президент әйелдерге “тіліңді тый” деп айтқан жоқ

Depositphotos
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әсіресе, «қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар» деген сөзі кей БАҚ-та бұрмаланып берілді. Бірқатар басылымдар бұл сөзді контекстен жұлып алып, «Президент әйелдерді тілін тартуға шақырды» деп таратқан.
Fake.kz анықтайды:
Әлеуметтік желіде «Новый Вестник» газеті Zakon.kz пен Orda.kz-ке сілтеме жасап, «Тоқаев әйелдерді тілін тартып сөйлеуге шақырды» деген тақырып қойған.

Шын мәнінде не айтылды?
Президент Тоқаев Жолдауда:
«Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық беделіне зиян келтіретін құбылыс. Озық ойлы ұлт болу үшін мұндай жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек», – деді.
Көріп тұрғанымыздай, Мемлекет басшысы әйелдерді «тілін тартуға» шақырған жоқ. Ол қоғамдық тәртіп пен мәдениет туралы айтты.
Контекст
Президент Тоқаев әйелдердің құқығын қорғауды саяси күн тәртібінен ешқашан шығармаған. Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, Тоқаев президент болғаннан бері әйелдер мен балалардың құқығына қатысты ондаған маңызды заң қабылданды.
«2024 жылы әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қорғау туралы заң қабылданды. Бұл заңды қабылдау оңай болмады, бірақ Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асты. 2019 жылдан бері қабылданған стратегиялық шешімдер әйелдерді қолдауға бағытталған. Қазір 2400 әкімнің 205-і әйелдер, жоғары оқу орындарының ректорларының 25%-ы әйелдер. Биыл сталкинг пен қыз алып қашуға қарсы заңдар қабылданды – мұның бәрі Мемлекет басшысының саяси ерік-жігерінің нәтижесі», – деді депутат.
Сүлейменова Президенттің әйелдер құқығын қорғауды өзінің мызғымас саясатының бір бөлігі ретінде қарастыратынын атап өтті.


