Жұмыссыздық жәрдемақысы кімге және қанша уақытқа беріледі

freepik.com
Көпшілік жұмыссыздық жәрдемақысын қашан және қалай алуға болатынын қызу талқылап жатыр. nofake.kz/ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласып, аталған сұраққа жауап іздеп көрді.
Әлеуметтік желіде кей азаматтар жұмыссыз қалуына байланысты жәрдемақы алу жайын талқылап жатыр. Олардың айтуынша көпшілік мұндай жәрдемақының бары туралы біле бермейді.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (ред. МӘСҚ) қаражаты есебінен жүзеге асырылады», — дейді мамандар.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге төмендегі талаптарды орындау қажет:
• eGov.kz порталында авторизациялану;
• «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
• онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
• бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
• егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады).
Ведомствоның мәліметінше, бұл қызметті онлайн режимінде электрондық еңбек биржасы — enbek.kz арқылы да алуға болады.
«Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде министрліктің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады», — деп толықтырды мамандар.
Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.
Министрлік мамандары мұндай жәрдемақыны 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 308,4 мың адамды құрағанын айтады. Бұл ретте биыл 268,6 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалған. Төлемдердің жалпы сомасы 106,8 млрд теңгені құраған.


