NoFake

Жұмыс беруші мессенджерлер арқылы жеке деректерді сұрай ала ма

Whatsapp 1212017

Фото: pixabay.com

Көп жағдайда жұмыс орны азаматтардың жеке деректерін мессенджерлер арқылы сұрап жатады. Ол қаншалықты заңды деген сауалды nofake.kz/ тілшісі заңгерге қойды.

Заңгер Руслан Қожахметтің айтуынша, жұмыс беруші немесе мемлекеттік орган жеке деректердің заңды операторы болып табылады, алайда бұл ретте жеке деректерді сұрату тәсілі маңызды болмақ.

«Егер кадрлар бөлімі қызметкерден WhatsApp, Telegram мессенджерлері арқылы жеке куәлік нөмірін, ЖСН немесе банк реквизиттерінің көшірмесін сұраса, бұл деректерді қорғау талаптарын бұзуы мүмкін. Тіпті мессенджерлер арқылы жеке деректер сұралып, ол тарап кетсе, оны сұратқан адам жауапкершілікке тартылуы да ықтимал. Практикада мұндай әрекет тек ішкі тәртіппен алдын ала бекітілген кезде, яғни қызметкердің жазбаша келісімімен және қызметкер мен жұмыс берушінің тәуекелдер туралы түсінігімен мүмкін болады. Алайда, тіпті осының өзінде бұл тәсіл қауіпті болуы мүмкін. Бұл әсіресе, мемлекеттік органдарға қатысты болып отыр. Себебі олар бір-бірімен ақпарат алмасу барысында, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді, электрондық үкіметті пайдаланады», — деді ол.

Заңгер осыған байланысты өткен жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік органдар «AITU» қазақстандық мессенджеріне көшкенін, бұл мессенджердің операторы мен серверлері Қазақстан аумағында орналасқандықтан қауіпсіз болуы мүмкін екенін атап өтті.

Сонымен бірге, ол мессенджерлер мен әлеуметтік желі арқылы жеке деректерді жолдау қаншалықты қауіпті болуы мүмкін екенін түсіндірді.

«Заңда мессенджерлер мен әлеуметтік желі арқылы жеке деректерді жолдауға шектеу қойылмаған, бірақ ол жоғарыда айтып өткенімдей, екінші жағынан қауіпті болуы мүмкін. Жеке деректерді, құжаттардың көшірмелерін, медициналық анықтамаларды немесе келісімшарттарды чаттар арқылы жіберу аккаунттың бұзылуы жағдайында, олардың таралуына алып келеді. Шетелдік мессенджерлер мен әлеуметтік желілердің серверлері және деректерді өңдеу көбіне Қазақстан Республикасының шекарасынан тыс орналасады, сондықтан азаматтардың құқықтарын қорғау осы жағдайларда қиынға соғады», — деді ол.

Сонымен, жұмыс беруші азаматтардан жеке деректерді мессенджерлер арқылы сұрай алады, десе де оның қауіптілігін ұмытпаған абзал. Себебі, әккі алаяқтар оны өз мақсатына пайдаланып кетуі әбден мүмкін.

Оқу үшін