NoFake

Жиһаз тапсырыс бергенде алаяқтардың тұзағына түспеу жолдары

Фото: Polisia.kz

ҚР ІІМ мәліметінше, биыл 9 айда жиһаз құрастырушыларға қатысты 250 факт тіркелген. Негізі шағым бұдан әлдеқайда көп, алайда арызданған азаматтардың қолында келісімшарт бар, — деп хабарлайды nofake.kz/

«Шағымданғандардың көбінде келісімшарт болғандықтан, ҚР Бас прокуратурасының 89-бұйрығына сәйкес олар азаматтық істер бойынша сотқа жіберіледі. Қазір сотқа жіберілген істердің саны 130 болса, 74-інен қылмыстық заң бұзушылық анықталмай, іс тоқтатылды», — дейді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Нұрбол Жексенбек. 

Осы орайда заңгер, сарапшы Қайырсқақ Арман алаяқ жиһазшыларға алданбаудың жолдарын айтты.

Біріншіден, қолыңызда келісімшарт бар және Kaspi арқылы ақша аудардыңыз дейік, бірақ жиһаз уақтылы дайын болмаса, онда қаржыны сот арқылы ғана қайтарып аласыз. Ал келісімшарт болмаса, бірақ ақысын төлеп қойсаңыз, онда «Негізсіз ақша аудару бабы» бойынша сотқа арызданыңыз.

Екіншіден, жиһаз шеберімен келісімшарт жасамас бұрын автоматты ақпараттық жүйе арқылы оның борышкерлер тізімінде бар-жоғын, сондай-ақ «Сот кабинеті» базасы арқылы және жиһаз жасаушының тұрғылықты мекенжайы бойынша да тексеріңіз. Шартты жеке тұлғамен емес, жеке кәсіпкермен (ЖК) немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікпен (ЖШС) жасаған жөн.

Үшіншіден, төлемді жеке банк картасына емес, арнайы шотқа аударған дұрыс. Сондай-ақ, ақшаның барлығын бірден емес, тек келісімшарт арқылы бір бөлігін ғана аудару керек.  «Бір беттен» тұратын келісімшартқа сенбеген абзал.

Төртіншіден, алдын ала төлем қажет болса, материалды жиһаз жасайтын адаммен бірге таңдаған жөн.  Алаяқ жиһаз жасаушыға тап болған жағдайда, ол кісіден жапа шеккен басқа да адамдарды тауып, ұжымдық арыз жазу қажет. Желідегі жиһаз жасайтын шебер немесе оның ресми парақшасындағы пікірлерге сенбеген жөн, олар жалған болуы мүмкін. Сондықтан тек сенімді жиһаз жасаушыларды таныс арқылы тауып, тапсырыс беріңіз.

Желіде миллиондаған қаражат аударып, соңында не жиһаз, не ақшаны кері қайтара алмаған азаматтардың пікірлерінен көз сүрінеді. 

Астаналық блогер Гүлнәр Құрманова осыдан екі жыл бұрын алаяқ жиһазшылардың құрығына түскен. Құрманова тапсырыс қабылдаған азаматқа сеніп, оның шотына миллиондар аударған. Блогер келісімшарттың жалған екенін кейін байқаған. 

«Сол күні ас үйде айналшықтап, сағаттап жүріп алды. Тек соңында ғана келісімшартты көрсетті. Біздің қателігіміз — оны оқымай қол қоя салдық. Кейін уақыт өте келе құжатты қарасақ, мүлде басқа мекеме, оның иесі де басқа әйел адам болып шықты. Ал біз тапсырыс берген адамның атынан басқа ештеңесін білмедік. Не тегін, не жеке құжатын сұрамаппыз. Өкініштісі, бірнеше айдан кейін оған сеніп, тағы ақша аудардық», — дейді ол. 

Блогер жиһазшымен арадағы хатты және оған ақша аударғанын дәлелдейтін түбіртектерді сақтап қойған.

Яғни, бұл оқиғадан түсінгеніміз — жиһазшы ұсынған келісімшартқа қол қою аздық етеді, құжатты мұқият оқып, талаптарымен танысыңыз, компанияның жеке мәліметтерін тексеріңіз. Алдануға асықпаңыз.

Оқу үшін