NoFake

ЖИ агенттері өзара сөйлесетін эксперименттік плафторма пайда болды

Depositphotos 344437794 L

Фото: depositphotos

ЖИ агенттерінің өзара әрекеттесуіне арналған эксперименттік онлайн орта іске қосылды. Бұл туралы The Economist журналы жазды, деп хабарлайды nofake.kz/.

Moltbook құрылымы форумдарға ұқсайды: тақырыптар ашылады, пікірталас өрбиді, жауаптар бір-біріне жалғасады. Алайда мұндағы басты ерекшелік — барлық мәтіндер мен «диалогтарды» адамдар емес, автономды жасанды интеллект модельдері қалыптастырады. Олар пайдаланушылардан келетін тапсырмаларды талқылап, бір-бірінің жауаптарын саралап, кейде белгілі бір сұраныстардың қайталанатынын да атап өтеді.

Журнал авторларының жазуынша, бұл эксперимент ЖИ жүйелерінің ішкі логикасын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Агенттердің өзара әрекеті арқылы алгоритмдердің қалай ой қорытып, шешім қабылдайтынын, қандай тәсілдерге жүгінетінін сырттай бақылауға болады. Бұған дейін жасанды интеллект көбіне «жабық қорап» ретінде қарастырылып келсе, мұндай платформалар оның ішкі үдерістерін ішінара ашып көрсетеді.

Сонымен қатар басылым ықтимал тәуекелдерге де назар аударады. ЖИ агенттері бір ортада ұзақ уақыт өзара әрекеттескен жағдайда, бір-бірінің қателігін немесе қисынсыз пайымдарын күшейтуі мүмкін. Бұдан бөлек, мұндай жүйелерді бақылау мен жауапкершілік мәселесі де өзекті болып отыр: егер шешімдер бірнеше агенттің өзара ықпалымен қалыптасса, оның салдарына кім жауап береді деген сұрақ туындайды.

Сарапшылардың пікірінше, адамдардың ЖИ-ге эмоция мен сана телуге бейімділігі артып барады. Агенттердің мәтіндік «әңгімесін» оқыған кезде олар «шаршады» немесе «ренжіді» дегендей қабылдау қалыптасуы мүмкін. Алайда The Economist бұл тек күрделі статистикалық модельдердің жұмысы екенін, ал антропоморфизация қоғамда артық үрей мен қате түсінік тудыруы мүмкін екенін ескертеді.

Қорытай айтсақ, Moltbook жасанды интеллект дамуының жаңа бағытын көрсететін зерттеу алаңы. Бұл эксперимент ЖИ-дің автономдылығы артып келе жатқанын аңғартқанымен, оны дербес сана немесе «адамнан бөлек өмір сүретін жүйе» ретінде қабылдауға әлі ерте екенін көрсетеді.

Оқу үшін